"Сот өзіне ыңғайлы жазаны тағайындады" - заңгер Нұрымовтың қамауға алынуы туралы

Көркем Алдабергенова 12 дек. 2024 12:30 727

Белгілі заңгер Ержан Есімханов Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың қамауға алынуына қатысты ойын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заңгер бұл жаңалықты талдай келе оны екі қырдан қарастыру керегін атап өтті. Бірі - полицияның көзқарасы, екіншісін – қоғам. Бірақ екеуі де өте маңызды.

"Біріншісі – ресми, заңдық қыры. Егер адам агрессивті әрекет жасап, айналасындағыларға қауіп төндірсе, ол қамауға алынуы мүмкін. Шерзаттың әкесі "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартылды. Бұл бап бойынша, егер адам алғаш рет құқық бұзушылық жасаса, оған айыппұл салу немесе он бес тәулікке дейін қамауға алу шаралары қолданылуы мүмкін. Сот айыппұл салып немесе қамау мерзімін қысқартуға мүмкіндігі болды. Бірақ сот бұл мүмкіндікті пайдаланбады", - дейді заңгер.

Бұл – ресми, заң тұрғысындағы көзқарас. Осы негізде полиция мен сот құқық бұзушыны жауапқа тартты. Заңға сәйкес бәрі дұрыс сияқты көрінеді.

"Бірақ мәселенің тағы бір қыры бар – ол қоғамның көзқарасы. Екі айдың ішінде Нұрымов ұлы мен інісінен айырылды. Үйі өртеніп кетті. Оған қоқан-лоққы жасалды. Соңында ол ұзақ уақыт бойы Талғар полициясы мен әкімдігінің назарын аудартуға тырысты. Оның ісі тек қоғамда үлкен резонанс тудырғаннан кейін ғана қаралды. Айтпақшы, осы іске байланысты көптеген полицей мен әкімдік қызметкері жұмыстан босатылды.

Осының бәрін бастан өткерген адамды он бес тәулікке қамау, қарапайым адами көзқараспен алғанда, тым қатал шешім сияқты көрінеді. Сол әкімшілік кодексте-ақ жауапкершілікті жеңілдететін жағдайлар бар, мысалы, ауыр жеке немесе отбасылық жағдайлар. Жоғарыда аталғанның бәрі – өте ауыр отбасылық жағдай екені анық. Қажет болса, бұл адамды, қылмыскер де, бұзақы да емес, қайғыдан қан жұтқан әкені қатал жазаламай, заңды жолын табуға болатын еді. Бірақ қазақстандық полиция мен сот әдетте ресми жақты таңдайды. Өздері үшін ыңғайлы тұсы сол. Сол себепті қоғам оларды сирек түсінеді, әрі қолдай бермейді", - дейді заңгер. 

Еске салайық, Шерзат Болаттың әкесіне қатысты тергеу жүргізіле бастады. Бұл туралы олардың адвокаты Асқар Қаймақов хабарлады. Оның мәліметінше, полиция Қаржаубай Нұрымовқа қатысты Қылмыстық кодекстің 202-бабы ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуді бастаған. 

Одан бөлек, адвокат Талғар ісі бойынша бірнеше мәлімдеме жасады: 

  • Адвокаттар полиция айтқандай тәртіп сақшыларынан Қаржаубайды ұстауды сұрамаған;
  • Марқұм Нұрқанаттың туыстары оның жеке хат-хабарын жариялауға келісім бермеген екен. 

Асқар Қаймақов Қаржаубай Нұрымовты 15 тәулікке қамау туралы сот шешімін заңсыз деп санайтынын атап өтті. Оның пікірінше, сот тарапынан өрескел заңбұзушылықтар болған. Олар апелляциялық тәртіппен шағымданған.


Рекомендовать
Последние новости