"Социалистік Еңбек Ерінің" жәрдемақысы 360 мың теңгеге көтеріліп, "Халық қаһарманымен" теңестіріледі

Dalanews 12 февр. 2020 03:01 1288

Қазіргі уақытта осындай өзгерісті қамтитын заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия тарапынан мақұлданған.

Қазақстанда Социалистік Еңбек Ерінің жәрдемақысы «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленушілердің жәрдемақысымен теңестірілмек. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің жауабында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

– Бүгінгі күні Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың қатарындағы Социалистік Еңбек Ерлері үшін арнауы мемлекеттік жәрдемақы 74,65 АЕК-ті немесе 197 898 теңгені, «Еңбек даңқы» орденінің ІІІ-дәрежесіне ие Социалистік Еңбек Ерлерінің жәрдемақысы 9,60 АЕК-ті немесе 25 450 теңгені (2020 жылы) құрайды. Социалистік Еңбек Ерлеріне белгіленген жәрдемақыны қайта қарастыру ұсынысы өзекті екендігі сөзсіз.


Осыған орай Үкімет «Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасын әзірлеуге бастама жасады. Оның аясында Социалистік Еңбек Ерлері мен «Еңбек даңқы» ордені иегерлерінің қызметтері мен жанкешті еңбектерін мойындау мақсатында оларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы көлемін «Халық Қаһарманы» мен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын иеленгендерге берілетін 138,63 АЕК-ке немесе 367 508 теңгеге (2020 жылы) дейін арттыру шаралары қарастырылған, – деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп, заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия тарапынан мақұлданған. Республикалық бюджеттік комиссия да мемлекеттік бюджеттен қосымша шығыстарға қолдау білдіріп отыр.

– Аталған заң жобасы белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарда келісім процедурасынан өтіп жатыр және ҚР Үкіметінің 2020 жылға арналған заң жобалау жұмысы жоспарына сәйкес, осы жылдың сәуірінде ҚР Парламенті қарауына енгізу көзделген, – деді Асқар Мамин.

Рекомендовать
Последние новости