Парақорлық пен ұрлық Кеңес заманында жабысқан кесел

Dalanews 12 февр. 2020 03:37 1075

Бүгінде жемқорлық жөнінде сөз болғанда, ең алдымен, Қытай тәжірибесін ауызға аламыз. Оларда жемқорды аяусыз әшкерелейді, топ-тобымен итжеккенге айдап, дарға асып, атып тастап жатыр дейміз. Алайда, жоғары дәрежедегі жүліктерді жазалаудың небір тәсілі кешегі күндей күркіреп өткен Кеңес тұсында қалай болғанын білеміз бе? Бұл жайында «Алматы ақшамы» газеті кеңірек жазыпты.

 

«Мәскеу» дүкенінің ісі

Осыдан 100 жыл бұрын, яғни 8 мамыр 1918 жылы халық комиссарлары кеңесінің парақорлықпен күрес жөніндегі алғашқы декретіне қол қойылды. Ол бойынша жемқорларға бес жыл жаза кесілген. Алайда, 1922 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодекстің талабы бойынша ату жазасы белгіленді.

Бұл мәселе соғыстан кейінгі жылдарда-ақ батыл қолға алынды. 111 адам тұтқындалып, Мәскеу қалалық сотының төрағасы А.Васнев қамауға алынды.

Жазалау процесі Хрущевтің тұсында шырқау шыңына шықты. Тұтқындаулар 1961 жылдың сәуірінде басталып, 700 адам темір торға тоғытылды. 2 млрд рубльді жеп қойғандардың 28-і ату жазасына кесіліп, оның бесеуіне кейіннен кешірім жасалды.


Соның ішінде айрықша көзге түскені «Мәскеу» әмбебап дүкенінің директоры М.Коршилованың тобы еді. Ол бес жыл ішінде мемлекеттің 2,5 млн рублін жымқырған. Бұл үшін ату жазасына кесуге болатын еді. Бірақ Фурцеваның көмегінің арқасында сот залынан босап шыққан ол іле-шала тағы Мәскеудің ірі дүкеніне қызметке қонжиды. Ал қамқоршысы жоқ оның екі құрбысы атылып кетті.

 

Қызметтерді сату

1969 жылы «Әзербайжан ісі» бұрқ ете түсті. Республикада билік ауысып, мұндағы жемқорлықтың алапат болғаны соншалық, тергеушілердің өзі тісі батпай, тоңқалаң асып жатты. Алайда, ірі ақшалар сол кездегі республиканың бірінші хатшысы Ахундосовтың қалтасына түсіп отырған.

Ол ақшаны шет ел асырып жіберген. Әрине, ол тұста «офшор» деген сөзді ешкім де білмейтін. Есесіне республикада партиялық қызметтерді сату айрықша гүлденген.

Бірінші хатшы болып келген Гейдар Алиев орталық комитеттің жабық мәжілісінде жаға ұстайтын мәліметтерді жайып салған. Жоғары лауазымды қызмет түрлері мынадай бағаларға сатылған.

Мәселен, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы – 200 мың, екінші хатшы – 100 мың, коммуналдық шаруашылық министрі – 150 мың, әлеуметтік қамсыздандыру министрі – 120 мың, жоғары оқу орны­ның ректоры – 100-200 мың, аудандық милиция бөлімінің басшысы – 50 мың, аудандық прокурор – 30 мың рубль, т.б. Ол кезде СССР-дағы орташа еңбек жалақы 100 рубль еді.


Алайда, астаналық шенеуніктер үшін бұл жаңалық емес еді. Тіпті, 40-жылдардың соңында Мәскеу су саудасы мекемесінің ісі қаралғанда мынадай мәліметтер мәлім болған.

Сауда павильонында құйылмалы сыра сатушының орны 15 мың рубльге бағаланған. Сауда павильоны меңгерушісінің орны бұдан екі есе тұрған. Қызметке тұрғандар бұл ақшаны екі есе өндіріп, «крышасы» милициямен бөлісіп отырған. Сауда павильонының директоры Федунов жоғары кеңес президиумындағы қамқоршыларының арқасында түрмеге тоғытылмай, кешірімге іліккен.

1980 жылдардың басында белгілі болғанындай, мұндай саудаласу тек қызмет төңірегінде ғана болмағаны анықталды. 1982 жылы Хорезм облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Құдайбергенов КСРО-ның Бас прокурорына жазған арызында Өзбекстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Ш.Рашидовқа Социалистік Еңбек Ері атағын алу үшін 1,5 млн рубль пара бергенін жазған. Ал енді 1940 жылы туған ішкі істер министрінің орынбасары Қахрамоновқа Ұлы Отан соғысына қатысып, Халкин-Голді қорғағаны үшін деген медальдің не үшін берілгені жұмбақ күйінде қалды.

 

«Миллионерлер отаны»

1978 жылы «Океан» ісі қаралып, Краснодар өлкесінің көптеген партия басшылары қамауға алынды. Балық шаруашылығы министрінің орынбасары В.Рытов ату жазасына кесіліп, министр А.Ишков қазынаға 260 мың рубль қайтаратын болып Брежневтің арқасында аман қалды.

Грузияда прокуратура Орталық комитеттің хатшысын қамауға алды. Жалпы, КСРО-да бұл ел «миллионерлер отаны» деп аталатын. Бұларда жемқорлық барлық жағынан гүлденіп тұрды.

1970 жылдардың басында КСРО Ішкі істер министрі Н.Щелоков республиканың Ішкі істер министрі Э.Шеварднадзеге бұл елде ГАИ қызметкерлерінің жартысы жемқорлық былыққа батқанын айтып, қатаң ескерту жасайды.

Шеварднадзе Тбилисиге келе салысымен «Москвичіне» отырып, қарапайым киініп алып қаланы өзі аралайды. Содан бұл таңқалады. Қызметкерлердің жартысы емес, 100 пайыз пара алатынына көзі жетеді.

Ол көп ұзамай республиканың бірінші басшысы болып тағайындалады да, тазалауға кіріседі.

Бес жыл ішінде 30 мың адамды түрмеге жауып, 40 мың шенеунікті қызметтен алады. Артынша Шеварднадзеге қатаң ескерту жасаған Шелоковтың басына да қара бұлт үйіріледі. Ішкі істер министрлігін 15 жыл басқарған Шелоков ФРГ Мәскеу олимпиадасына тарту еткен «Мерседесін» жымқырып, балалар кереуетіне дейін пайдаланып кеткен. Әйгілі орыс шеберлерінің картинасын қабырғада орын қалмаған соң, төсегінің астына жасырған. Ақыр соңында іс сотқа жетпей, өзін-өзі атып өлтіреді.


Өзбекстандағы «мақта ісі» де әлі ұмытыла қоймаған болар. Бұл істі тергеу табаны күректей 20 жылға созылды. Парақорлық пен ұрлық фактілері жөнінде 800 іс қаралып, 4 мың адам жауапқа тартылды. 1991 жылы билік басына И.Каримов келгеннен кейін олардың бәріне кешірім жасалды.

Қ. ИМАН.

Тағы оқыңыз:

https://dalanews.kz/44148

Рекомендовать
Последние новости