Сорос: "Батыс Шыңжаңдағы жағдайды Си Цзиньпиннің бетіне басуы керек"

Dalanews 16 февр. 2020 18:30 1042

«Батыс өркениеті Қытайдан ескен қауіптің қаншалықты қатерлі екенін толыққанды бағалай алмауда» дейді әйгілі қаржыгер, филантроп Джордж Сорос.

«Си Цзиньпин – диктатор. Ол бүгінгі технологияны пайдаланып қытай қоғамына құлдық қамытын кигізгісі келеді.  Ал Еуроодақ Қытайды маңызды бизнес әріптес көреді.

Қазіргі Қытай басшысы орнатқан жүйе, осы жүйенің бағыт-бағдары Батыстың құндылықтарына қарама-қайшы», – дейді Сорос.

Айтуынша әзір Бейжіңмен достастуға Британия елден ерек құлшынып жүр.


«Премьер Борис Джонсонның есіл-дерті Ұлыбританияны Еуроодақтан біржолата қол үздіріп, осы одақтың ережесіне бағынбайтын еркін нарық экономикасын құру. Бұл оның қолынан келе қоюы неғайбыл. Бүйтер болса Еуроодақ бұған жауап-шара қабылдайды.

Британия Қытаймен іскерлік әріптестік орнатуға мүдделі. 2010-2016 жылдары экс-қаржы министрі Джордж Осборн негізін қалап кеткен әріптестікті қайта қалпына келтіруге дәмелі», – дейді ол.

Оның пікірінше Қытайдың тәбетін тежеп отырған бірден-бір ел – АҚШ.


"Трамп әкімшілігі Қытайды стратегиялық қарсылас деп таныды. Осы елдің технологиялық алыбы Huawei-ді және тағы бірнеше қытай компаниясын америкалық фирмаларға Үкімет рұқсатынсыз алыс-беріс орнатуға тыйым салынған "Ұйымдар тізіміне" енгізді.

Бір әттеген-айы Трамптың сөзінде пәтуә болмай тұр. Си Цзиньпинмен саудаласып, өздері қабылдаған заңды өздері бірнеше рет бұзды.

Huawei-ді ілгеріде айтқан «Ұйымдар тізіміне» енгізгізгелі Сауда министрлігі Қытай компаниясына қосымша жабдықтар жеткізетін америкалық фирмаларға қиындық туғызбау үшін Huawei-ге уақытша рұқсат берді (үш айға дейін).

Huawei – ерекше компания. Оның негізін қалаған Жэнь Чжэнфэй Қытайдың халықтық азат ету армиясында инженерлер сапында болды, кейіннен дәл осы армия Чжэнфэйдің алғашқы тапсырыс берушісі атанды.

Huawei-дің қабырғасы қаланған 1987 жылы Қытайдың қажетіне жарайтын технология түгелдей сырттан тасымалданатын.  Жэньнің мақсаты жергілікті мамандар күшімен шетелдік технологияны Қытайдың өзінде өндіру-тұғын. Ол бұл мақсатына жетті.

1993 жылы Huawei телефон станцияларына арналған қуатты құрылғы жасап шығарды. Артынша Қытайдың халықтық азат ету армиясынан тапсырыс түсіп, компания алғашқы ұлттық телекоммуникация желісін жүргізуге кірісті.

1996 жылы мемлекет жергілігі телекоммуниациялық құрылғылар өндіретін компанияларды шетелдік бақталастарынан қорғайтын мем.бағдарлама қабылдады. Бұл да Huawei-ді қолдауға бағытталған шара-тын.

2005 жылы Huawei компаниясының экспортқа шығаратын өнім көлемі ел ішіндегі табысынан асып түсті. 2010 жылы Fortune журналы Huawei-ді әлемнің үздік 500 компаниясының тізіміне енгізді.

Қытай билігіне Си Цзиньпин келгелі Huawei біржолата бас еркінен айырылды. Автономия деген аты ғана қалды. Басқа да қытай компаниялары секілді ол Коммунистік партияның бұйрығын орындауы тиіс.


2017 жылға дейін бұл сөз жүзіндегі уағдаластық ретінде сақталып келді, дәл осы жылы «Ұлттық барлау» туралы заң қабылданып, қытай компанияларының барлығы ресми түрде Компартияға бағынды.

Көп ұзамай Huawei-дің қызметкері Польшада тыңшылықпен айналысты деген дауға қалды. Компанияны тыңшылықпен айналысты деп тағы бірнеше ел айыптады.

Әзір Батыс үшін тыңшылықтан келіп-кетер бәлендей қауіп жоқ.

Еуропаның негізгі инфрақұрылымдары Қытай технологиясына түгелдей тәуелді болып қалса астамшылдық мен бопсалаудың көкесін сонда көреміз.

Си Цзиньпин басшылық ететін қазіргі Қытай Батыстың ғасырлар бойы құндылықтарын қатер төндіріп тұр. Көрмес түйені де көрмес... Еуропадағы жетекші елдер Қытайдан келетін кеселді толыққанды бағалай алмауда.

Еуроодақты Қытайға қарағанда климаттың өзгеруі көбірек толғандырады. Еуропа елдеріні өз ішінде ауызбіршілік жоқ. АҚШ-пен қойын-қолтықтасып Си Цзиньпинді тежеудің орнына, Қытай басшысының көңілін тауып әуре.

5G желісінде Huawei-ге қарсы тұру Батысқа Ericsson және Nokia компанияларын «тірілтіп», олардың бәсекелес ретіндегі нарықтағы орнын нығайту керек.


Биылдың қыркүйегінде Си Цзиньпин ЕуроОдақтағы 27 елдің мемлекет және үкімет басшыларымен Лейпцигтегі ЕО-Қытай алаңында жүздеседі.

Еуропалықтар, сендерге ескертем, егер Си Цзиньпиннің Тибеттегі, Шыңжаңдағы және Гонгонктегі адам құқығын аяққа таптаған былығын бетіне баспасаңдар ертеңгі күні оңбай өкінесіңдер. Бұл тілін тістеп қалған Батыс өркениетінің сүйегіне таңба, ал Қытай басшысының саяси жеңісі болады.

Си Цзиньпин коронавирусті асқындырып алды. Билеуші ретінде кешірілмейтін қателік жіберді. Оның басқарушылық қабілетінің тым төмен екенін Қытай қоғамы беске біліп отыр, Саяси бюро да Си Цзиньпиннің іске алғысыз басшы екенін мойындауы керек.

Ал Батыс саяси мансабын сақтап қалғысы келетін қазіргі Қытай басшысына саналы түрде қол ұшын созбауы тиіс» – дейді Сорос.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ




Рекомендовать
Последние новости