Шулық бағбан төрт түрлі алма өсіруде

Dalanews 27 мая 2019 06:07 1114

 

Тоғыз жолдың торабы саналатын Шу ауданы орналасуы жағынан  ерекше аймақ саналады. Бұл жақтың ауа райы да егін шаруашылығына, жеміс-жидек пен бау-бақша өсіруге өте қолайлы. Сондықтан болса керек, мұнда Жер-Ананың ризығын көріп отырған шаруалар жетерлік. Солардың бірі – аудан іргесіндегі Белбасар ауылының тұрғыны, «Мұстафа» шаруа қожалығының жетекшісі - Абубакир Мамедов.

Осыдан 10 жыл бұрын құрылған шаруа қожалық бақша өнімдерінің бірнеше түрін өсірумен айналысады. Ал, өткен жылдан бастап алма өсіруді қолға алыпты. Алдағы уақытта қожалық ауданды экологиялық тұрғыдан таза, жергілікті сапалы өніммен қамтамасыз етіп, мол табысқа қол жеткізбек ниетте екен. Жалпы, «Мұстафа» шаруа қожалығының иелігінде 38 гектар жер бар болса, оның басым бөлігіне қарбыз бен пияз сынды бақша өнімдерін егіп келеді. Ал, өткен жылдан бастап алма өсіруді қолға алыпты. Олар күз айында 5 гектар алқапқа 4500 түп алма ексе, биыл дәл сондай аумаққа 4900 түп еккен. Жеміс өсіру шаруашылығында алма сортының ерекше маңызы бар. Сондықтан, бау ағаштарын еккенде ең әуелі сорттарды дұрыстап таңдап алуға ерекше назар аудару қажет екен. Мәселен, шаруа қожалықтың жетекшісі Абубакир Мамедов бүгінде алманың 4 түрін өсіріп жатқанын айтады.

–Өнімнің тәтті болуы тұқымға тікелей байланысты. Сол себепті дәл осы алма шаруашылығының білікті мамандарының кеңесіне сүйене отырып,Алматы қаласынан 9 мыңға жуық алма түбін әкелдік. Оның 6500 түбі «Золотой голден» сорты болса, 1200 түбі «Американка». Ал қалғаны «Дамира» және «Мантеп» деп аталатын сорттар. Негізінен, бұл сорттар еккеннен кейін екінші жылдан бастап өнім бере бастағанымен, бесінші жылы ғана толық өнім береді. Алма ағашы ерекше күтіп-баптауды қажет етеді, бала күткеннен де ауыр.Сәл босаңсып, қараусыз қалдыра қалсаң жемісін бермей, жабайы шөп сояу-сояу болып өсіп кетеді. Оған қоса, жеміс ағаштарының негізгі жауы құрт қой. Сол себепті, дәрілеу жұмыстарын уақытында жүргізіп отыру қажет. Алайда, минералды тыңайтқыш пен дәрі-дәрмекті белгіленген талаппен бермесеңіз, өлтіріп алуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, алма ағаштарын егетін және бұтақтарын кесетін кезде де Түркиядан арнайы мамандарды алдырдық. Енді аудан әкімдігінен тағы да жер сұрамақпын. Оған қолым жетіп жатса, алма бақты 20 гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар, - дейді Абубакир Мұстафаұлы.

Жердің «тілін» жетік меңгерген қожалық иесі алма бағына тамшылатып суару әдісін қолданып, тиісті талаптарға сай баптап, күтуде. Оның айтуынша, тамшылатын суару әдісінің жұмысы аз болғанымен, шығыны көп көрінеді. Оның үстіне, тамшылатып суаруда пайдаланылатын құралдар маусымдық болғандықтан, ол бір жылға ғана жарамды екен. Алайда, шулық шаруа еңбек етуге талпынған адамды Жер-Ананың құралақан қалдырмайтынына көзі жетсе керек, алма өсірудің машаһатына қарамастан, оның күтіміне бар күшін сарп етуде. «Бағбан болсаң бақ өсір, балама деп тағы өсір» деген аталы сөзді өмірлік ұстаным еткен ағамыз бағындағы алмасының балбырап пісуін ғана күтіп отыр. Қалай десек те, жерге еткен жақсылық жерден қайтады. Жемісі өз алдына, кез келген ағаш ауаны тазартады. Ал, тазалық – бүгінгі ұрпақ саулығының негізгі кепілі. Сондықтан да кез келген тұрғын базардың емес, өзіміз баптаған таза жемісті тұтынуы қажет. Бұл ретте, Абубакир сынды бағбандардан үйренеріміз көп екені анық.

Рекомендовать
Последние новости