Шуда үлкен спорт кешені бой көтеруде

Dalanews 25 мая 2019 11:41 963

Шу ауданындағы Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес. Аудандағы жалғыз тірек ауылы саналатын белбасарлықтардың бүгінгі ісіне қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де туған топырағынан жырақта жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады.

Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі. Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады. Ол шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан да тартынып қалған тұсы жоқ. Маңдай терімен тапқан ақшасын имандылық ордасының бой түзеуіне жұмсап, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген Болат Сауранбаевқа ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Одан қала берді ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Қазіргі таңда мұнда футбол үйірмесі ашылып, арнайы бапкер де бөлінген.

Өткен жылы аудан тұрғындары тағы да бір тарихи сәттің куәсі болды. Былтыр Болат Сауранбаевтың мұрындық болуымен бой көтергелі жатқан «Белбасар» мәдени-спорттық кешенінің қазығы қағылып, алғашқы тасы қаланды. Сонымен қатар, тұрғындарға спорт кешенінің жобасы танысытырылды. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды екен. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залда келушілерге кіші футбол, воллейбол және баскетбол ойындарын ойнауға мүмкіндік бар. Ал екінші қабатта бокс, күрес және ауыр атлетика залдары болады деп күтілуде. Мұндағы құрылыс жұмыстарын елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізетін болады. Алдағы екі жыл бойы 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Міне, дәл қазіргідей сағат тұрмақ секундтың өзі есептеулі шақта қаншама жанның нәпақасын тауып беру кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік десек әсірелегеніміз емес. Болат Сауранбаевтың айтуынша, «Белбасар» спорт кешенінің әкімшілік бөлмесі мен спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай болмақ.

– Құрылысы өткен жылы басталған үлкен нысанға қомақты қаржы жұмсаудамыз. Соған байланысты, «Хати Сауранбаев» атындағы қорды құрдық. Алдағы уақытта кез келген азамат өз шама-шарқынша құрылған қорға қаржы сала алады.Осы тұста, нысанның құрылысы толығымен аяқталған кезде елімізге белгілі бірқатар азаматтар қолдау білдіретіндіктерін айта кеткен жөн. Мәселен, еліміздің даңқты боксшысы Серік Қонақбаев кешеннің ашылу салтанатында халықаралық стандартқа сай рингті барлық құрал-жабдығымен бірге сыйға тартатынын жеткізсе, бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов алдағы уақытта осы кешеннен олимпиадаға даярлау орталығының филиалын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков шағын футбол алаңшасын жабдықтауды толығымен өз мойнына алатынын жеткізді, - дейді Болат Оспанұлы.

Айта кетуіміз керек, құрылысы былтыр басталған спорт кешені үстіміздегі жылы пайдалануға беріліп, аудан мен ауыл тұрғындарына қолжетімді болмақ.

Рекомендовать
Последние новости