ШҚО ғалымы топырақтың тозуына қарсы биогель жасап шығарды

Dalanews 26 авг. 2024 12:15 2554

С.Аманжолов университетінің ғалымы топырақтың тозуына қарсы әсері бар биогель жасап шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz  Altainews.kz тілшісі.

Бүгінде ауыл шаруашылығында қолданылатын топырақтың 75%-дан астамы тозуға ұшыраған. Қалған 25% тәуекел аймағында. Мұның бәрі өнімділіктің төмендеуіне және үлкен қаржылық шығындарға әкелетіні сөзсіз.

Университеттің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, топырақ құнарлылығын арттыру жолын фермерлер ғана емес, отандық ғалымдар да қолға алған. Нақты айтқанда, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми қызметкері Қыдырмолла Ақатан агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту мақсатында топырақтың ылғалдылығы мен құнарлылығын арттыру үшін целлюлоза негізінде мультикомпозиттік биогидрогель әзірлеуде.

Жоба ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауында жеңімпаз атанған.

Қыдырмолла Ақатанның айтуынша, биогидрогельге тек отандық шикізат пайдаланылатындықтан басқа түрлеріне қарағанда 1,5 есе арзан. Тағы бір артықшылығы — пайдаланудың әмбебаптығы. Гель дақылдардың барлық түрлеріне жарамды. Оны егіс алдындағы топырақты өңдеу кезінде қолдану қажет.

«Биогидрогель жасау үшін біз ауылшаруашылық дақылдардың қалдықтарын қолданамыз. Бұл экология мен экономика тұрғысынан да тиімді. Құралға тыңайтқыш, пайдалы қасиеттер сіңіру үшін жергілікті агроминералдарды иммобилизациялау жүргізіледі. Нәтижесінде біз өсімдіктерді тиімді сорбциялайтын, ылғалды сақтайтын, ыстыққа сезімтал және өсуге ықпал ететін препарат ала аламыз»,- дейді ғалым.

Қазір жоба бойынша жұмыс зертханалық жағдайда жүзеге асырылуда. Қыдырмолла Ақатан егін саласындағы өнімді 20-25%-ға дейін арттыруға сеп болатын жұмысын сәтті аяқтап, гидрогельді өнеркәсіптік көлемде өндіруді жоспарлап отыр.


Рекомендовать
Последние новости