– Өндіріс саласындағы өнім өндіру көлемі жыл басынан бері 100,4 пайызға ұлғайса, ауыл шаруашылығы саласы 102,2 пайызға, негізгі капиталға салынған инвестиция 105,2 пайызға, құрылыс жұмыстары 113,4 пайызға артты. Жыл басынан бері облыс бойынша 184 мың шаршы/метр тұрғын үй салынып, көрсеткіш 105,4 пайызды құрады, – деп ШҚО әкімі Даниал Ахметов экономикалық даму жайында айтқан болатын.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, өңірдегі халықты кіріс көзі 107 пайызға ұлғайып, жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраған. Осы ретте өңірдегі негізгі күш индустриаландыру саясатына бағытталып, өңір экономикасын әртараптандыру ісі қарқынды жүріп жатыр.
Өз кезегінде Даниал Ахметов өңдеу саласындағы бәсекеге қабелттілік жаңа технологиялар мен цифрландырудың негізінде жүргенде кез келген кәсіпорынның өндірген өнімі ішкі және әлемдік нарықта өтімді болатынын ұдай айтып келеді.
Биылдың өзінде индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы негізінде жүзеге асатын жобаларға 40 млрд теңге бөлінген. Бұл жобалардың арасында «ГРК МЛД» ЖШС қарасты «Қаршыға» кенішіндегі кен өндіру ісі мен KAZ Minerals PLC компаниясының «Ақтоғай-2» кен байыту фабрикасын салу ісі облыс үшін маңызы зор болып тұр.
Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 258 жобаға жеңілдетілген неселер беру бойынша 64,4 млрд теңге бағытталып отыр. Күні бүгінге дейін 168 жоба қаржыландыру үшін 11,7 млрд теңге бөлінгенін айта кетуіміз керек. Ал құны 42,1 млрд теңгеге бағаланған төрт жоба бойынша қазір құжаттары жинақталуда. Ал құны 6 млрд теңге болатын 49 жобаны қаржыландыру мәселесін қаржы институттары қарастырып жатыр.
Ірі жобаларға «Qazaq astyq Group» компаниясының күнбағыс, рапс және соядан май өндіру, «Рулиха» серіктестігінің 600 бас асыл тұқымды ірі қара фермасын құру және «Эко-Орман» ЖШС-ның ағаш өңдеу ісіне қатысты жобаларын атап айтуға болады.
– Қазіргі таңда облыста ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Бұл ретте тауарлы сүт фермаларын құру маңызды бағытқа айналып отыр. Соңғы бес жылда бұл салаға салынған инвестицияның көлемі 17 есе артып, халықтан сүт сатып алу ісі қалыптасты. Осылайша сүт сатып алу 240,5 млн теңгеден 4,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды, – деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда сүт фермаларын құруда ШҚО алдыңғы орында келеді. Соңғы жылдары өңірдегі сүт фермаларының жүктемесі 29%-дан 75%-ға ұлғайғаны біздің сөзімізге айқын дәлел бола алады.