ШҚО-да жаңа ет өңдейтін зауыт салынуда

Dalanews 08 июн. 2017 12:17 931

Күршім ауданында ұсақ мал, ірі қара және жылқы етін өңдейтін зауыт салынып жатыр. Жабдықтарының құны 40 млн теңгені құрайтын жаңа кәсіпорын жылына 10 т шұжық пен 17 мың дана консервілік өнім шығаруға қауқарлы.

Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылатын өндіріс орнына қазірде заманауи жабдықтар орнатылуда. Бұл жайлы Аймақтық комуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев мәлімдеді.

– Зауыт толықтай іске қосылғаннан кейін жылына 8 млн теңге көлемінде 10 тонна шұжық және 5,5 млн теңгеге 17 мың дана консервілік өнім шығарады, – деді Сейсенғазы Чукаев.

Өткен жылдың өзінде Күршім ауданында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 26356,4 млн. теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 8,8 пайызға өскен. Қазіргі таңда ауданда 18 асыл тұқымды шаруашылық тіркелген, оның 11 ара шаруашылығы, 3 ірі қара, 3 жылқы шаруашылығы және 1 мүйізді ұсақ мал шаруашылығымен айналысып келеді.

Рекомендовать
Последние новости