Шөкеевтің күйеу баласына шамасы келмеген қорықшылар телеарнаға шағынды

Dalanews 17 сент. 2020 07:00 1031

Орман мен тоғай әкімнің туыстарының май-шелпегіне айналған! Түркістан облысында қорықшылар осылай деп шу шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде екі жылдан бері қызмет пен ерекше қорғалуы тиіс ағаштардың саудасы қызған. "Ал оларға тосқауыл болатын құзырлы орган күнгейде жоқ", - дейді орманшылар.

Себебі, парк басшысының орынбасары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің күйеу баласы болса, парк филиалының директоры қазіргі Созақ ауданы әкімінің ұлы. Аты аталған екеуі мұны жоққа шығарды.


Абылайхан Шалдаров үш жыл бұл бақта орманшы болған. Айтуынша, мұндағы Қызыл кітапқа енген тораңғыл мен жиде ағаштары жаппай қырқылып жатыр. Тоғайды қорғауы тиіс инспекторлар басшылардың пәрменімен ағаш саудагеріне айналғанын айтқаны үшін жыл басында жұмыстан кетіпті. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі басшысының орынбасары мен парк филиалы директоры келгелі "өміріміз, тіпті тозаққа айналды" деп күйінеді ол.

Абылайхан Шалдаров, бұрынғы орманшы:

- 2018 жылдан бері осы екі кісі келді. Полатов Нұржан мен Әбдіқадыров Ақыл деген. Ылғи сонымен қыз әкеп демалады. Бізді шақырып алады: "Ойбай, тез, қой әкеліңдер, мына жерге шашлык істеуіміз керек. Коньяк, калъян шегуіміз керек". Әкелмесең, ертесіне сені заңмен жұмыстан шығарады.


Орманнан ақша жасаудың тәсілі көп екен. "Газы жоқ, қыста көмірі қымбат Отырар ауданында бір арба ғана отын сатуға рұқсат беретін билетпен 100 арба отын сатылады", - дейді бұрынғы қорықшылар. Отынды былай қойғанда, Отырарда жиде мен тораңғылды қада қылып, бизнес жасау үрдісі бар. Бір ғана жиде талдан 7 қада жасауға болады. Қада дегеніңіз, кесіліп дайындалған бөрене. Жергілікті қара базарда бір ғана қаданың бағасы - 400 теңге.

Соның салдарынан ерекше қорғалып, жайқалуы тиіс орман қып-қызыл бизнеске айналып, жайпалып барады. "Әр түскен теңгені аға орманшының қалтасына басып, одан қалса, Нұржан Полатов пен Ақыл Әбдіқадыровтың жынойнағына саламыз" - деп ашынған орманшылар осыны басшыларға айтып, басы бәлеге қалған.

Абылайхан Шалдаров, бұрынғы орманшы:

- "Е, мынау не десем», Нұржан Полатовтың айтуы: «Ойбай, Абылай, сенің шаруаң болмасын, мына жұмыстан кет, мен сені істетпеймін, шық, болды, ары қарай еңбек қорғау бөліміне жазасың ба, қаржы полициясына жазасың ба, прокуратураға жазасың ба, мен өзім шешіп аламын". "Қазір, Абылай, таныс шешеді". Ақылдың айтуы да сол: "Менің қайын ағам тұрғанда, ешкім ештеңе істей алмайды" - дейді.

Сырдария-Түркістан саябағы басшысының орынбасары Ақыл Әбдіқадыров деген облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің туған күйеу баласы, ал филиал директоры Нұржан Полатов Отырар ауданына талай жыл әкім болған, қазір Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың ұлы. Парктегі былықты әшкерелеу үшін бұрынғы орманшылар мен аудан тұрғындары биыл полиция мен аумақтық инспекция өкілдерін ертіп рейд жасаған екен.

"Жүздеген ағаштың шабылғаны анықталғанымен, сол күйі шара қолданылмады" - дейді тұрғындар.

Бейбіт Сыздықов, Отырар ауданының тұрғыны:

- Облыс прокурорына, бірақ облыс прокуроры табиғатты қорғау прокурорына жіберді, табиғатты қорғау прокуроры комитетке жіберді, комитет Қалымбетовке жіберді, қайтып Қайырбековке келді. Сонымен, не тексерілмейді, не қоймайды.

Саябақты сауық-сайран орнына айналдырды деп айыпталған басшыларды іздеп Түркістанға бардық. Нұржан Полатов орнында жоқ. Хатшысы оның сырқаттанғанын айтса, қызметкері "жұмыс бабымен рейдте жүр" деп шатасты. Есесіне, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің күйеу баласы кездесуден қашпады.

"Орманшылардың өзі қылмыспен айналысып жүрген соң, қызметке келе сала, тәртіпке келтіреміз деп, ұнамай қалдық"- дейді Ақыл Әбдіқадыров.

Ақыл Әбдіқадыров, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ бас директорының орынбасары:

- Ағаш шаптыру,демалу, қой сойдыру дей ме...

- Қыздармен демалу деген сияқты...

- Жоқ, қыздар жоқ ол жерде. Соның бәрі жала. Өйткені ондай тірлік болмаған. Жала-жабу, ар-намыс таптау көп қой ол жерде. Өзіміз ол жерде заңмен шешеміз ғой.

Басшы енді өз қызметкерлерін сотқа бермекші. Ал "қай жаққа жазсақ та, әділдік таппадық" деген орманшылар Түркістан облысында тоғайда болып жатқан көлеңкелі бизнеске тосқауыл қояр ешкімнің жоғына сенімді. Сондықтан астанадағылар көріп, ақ-қарасын айтар деп үміттенеді.


https://youtu.be/oiXFYqId8nM

Рекомендовать
Последние новости