Қазақстанда Қырғызстаннан келген екі апалы- сіңлілерді, оның бірі кәмелетке толмаған қызды күштеп ұстаған деп хабарлайды Dalanews.kz. 24.kg сайтына сілтеме жасап.
Қырғызстан Омбудсмен институтының мәліметінше, айдың басында Ош облысынан қыздардың анасы көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, 2024 жылдың наурыз айында К.К. есімді азаматша оның 16 және 18 жастағы қыздарын жұмыс беремін деп уәде беріп, Шымкентке алып кеткен. Алайда біраз уақыттан кейін қыздар аналарына өздерін ұрып-соғып, түннің ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүрлейтінін хабарлаған.
«Олар базарда екі әпкеге жұмыс істеген. Сауда аяқталғаннан кейін қыздарды қоймада ауыр қаптар тасуға мәжбүрлеген, олармен құл сияқты қарым-қатынас жасаған. Қыздар кеткіміз келеді дегенде, оларды ұрып-соққан. Мен телефон соғып, қыздарымды босатуды талап еттім, бірақ К.К. бас тартты, біз үш жылға келіскенбіз деп айтты», — деді әйел.
Омбудсмен институтындағылардың айтуынша, жұмыс берушілердің әрекеті қыздардың құқықтарын бұзған: балалар еңбегін пайдалану, мәжбүрлі еңбекке тарту және белгіленген нормадан артық ауыр заттар көтерту — Қырғыз Республикасы Балалар кодексімен тыйым салынған.
Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы мен қырғыз диаспорасының көмегімен қыздар Шымкенттен табылды. Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін болған сот ісінен кейін қырғызстандық қыздар еліне қайтарылып, аналарына тапсырылды.
 
                         
                     
                                     
                                    