Шымкентте өзіне қол салған оқушы жазба қалдырған

Сағыныш Сардарова 06 сент. 2025 12:00

Шымкентте 9-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды. Жасөспірімнің өліміне мектептегі әлімжеттік себеп болуы мүмкін. Себебі марқұм соңғы сәтінде телефонына бірнеше сыныптасының атын жазып кетіпті деп хабарлайды Dalanews.kz Almaty.tv-ға сілтеп

Сүткенжесін жоғалтқан Жанерке Жүнісбекованың жан жарасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол осыдан екі күн бұрын жұмыстан оралғанда қорада асылып тұрған баласын көрген. Есеңгіреген ана ұлының қазасына мектептегі әлімжеттік себеп болды деп отыр.

"Әкесінің қайтыс болғанына 3 жыл болды. Мектепке барады, сенің әкең жоқ деп балалар кемсітеді. Бұл – бір. Диас деген бала темекімен қолына басқан.  "Сен бізге ақша тауып бересің, маған темекі әкеліп бересің, менің айтқаныммен жүресің. Мен не айтамын, сонымен жүресіңдер" деп қорқытқан", – деді марқұмның анасы Жанерке Жүнісбекова.

Өмірінің соңғы сәтінде Өмірсерік Сұлтанбек телефонына жазба қалдырған. 14 жастағы бала төрт сыныптасының атын атап, "енді мені ұра алмайтын болдыңдар" деп жазған.

Айта кетейік, марқұм қаладағы №32 мектепте оқыған. Кезінде осы оқу ордасында білім алған Өмірсеріктің әпкесі де әлімжеттікке талай куә болғанын жасырмады.

"Ол – бұрыннан келе жатқан заң. Бір-бірінен ақша талап ету, бір-бірінен темекі талап ету бар. Мына жерде балалардың бәрінен сұраңыз, жауап береді. Қинаңыздар, керек болса. Менің інім соған шыдай алмай, дүниеден өтіп отыр. Менің 14 жастағы інім, менің бауыр етім, жүрегім!" – деді марқұмның әпкесі.

Өмірсеріктің соңғы хатында аталған 4 оқушы – оның сыныптастары. Мектеп әкімшілігі олардың бірі тіпті полиция есебінде тұрғанын айтты. Бірақ соған қарамастан, білім мекемесінің басшылығы оқу ордасындағы әлімжеттік пен ақша жинау дерегін жоққа шығарып отыр. Дегенмен қайғылы оқиға болған күні жолдастар арасында түсінбеушілік болғанын жеткізді.

"Өкінішке қарай, жағдайды естіп отырмыз. Ол жерде төбелеспеген, тек қолын, иығын тигізген, ұрмаған", – деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Райхан Төлеева.

Бүгінде қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Қара жамылған отбасы баланың өліміне кінәлілер сотталып, мектеп әкімшілігі жауапқа тартылуын талап етіп отыр.


Рекомендовать
Последние новости