Қазақстан мен Моңғолия өңірлері ынтымақтастықты нығайтты: ШҚО мен Ховд аймағы меморандумға қол қойды

Ақтоты Жапатова 05 сент. 2025 13:12

Астанада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалантпен кездесті. Екіжақты кездесуге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Ресми сапар аясында Шығыс Қазақстан облысы мен Моңғолияның Ховд аймағы арасында бауырластық қатынастар орнату жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Аталған құжат әлеуметтік-экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сондай-ақ өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Меморандумға қол қою өңірлеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, қазақ-моңғол қатынастарын нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Ұлы Мемлекеттік Хуралдың Төрағасының айтуынша, Қазақстан Моңғолия үшін Орталық Азиядағы бірінші стратегиялық әріптес саналады. Экономикалық-саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара әрекеттестікті дамыту басты басымдық ретінде қала береді.

Жалпы, екі ел арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Әсіресе, өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары жемісті болды. Сапар барысында әртүрлі салада 11 құжатқа қол қойылды.


Рекомендовать
Последние новости