Шымкентте энергетик ардагерлердің республикалық форумы өтті

Dalanews 23 мая 2017 14:51 1090

Бүгін Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттің энергетика саласының көкейкесті мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы энергетика ардагерлерінің форумы өтті. Алқа отырысына  ТМД елдерінің энергетиктері де қатысты. Жиын мақсаты түйткілді мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру болып табылады.

Форум барысында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев еліміздегі жаңғырмалы энергия көздерінің қазіргі жағдайы және дамыту жолдары жөнінде баяндама жасады.

Оның айтуынша қазіргі таңда  елімізде экологиялық қауіпсіз электр энергиясын өндіруші  жаңғырмалы энергия көздерінің 50 нысаны бар. Жалпы қуаты 295,7 МВт, оның ішінде, шағын су электр станцияларының қуаты 139,8 МВт, жел электр станцияларының қуаты 98,2 МВт, күн электр станцияларының қуаты 57,3 МВт-ты құрайды.

Баяндамашыға сауалдарын жолдаған оңтүстік өңірінің ардагер энергетиктері аймақтағы энергия тарифінің жоғары екенін алға тартып  тасымалданатын электр жарығының  құнын төмендету мәселесін көтерді.

Өз кезегінде вице-министр өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту, энергоресурстармен қамтамасыз ету,  электр энергиясы  тарифтерін төмендету заң аясында ғана шешілетін жеткізді.

«Оңтүстік Қазақстан облысында заңды тұлғаларға арналған электр энергиясының тарифтері еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда ең жоғары деңгейде екені рас. Сондай-ақ солтүстік облыстардан тасымалданатын электр жарығының  құнын төмендету мен  жаңа тарифті енгізу арнайы сараптама жүргізу арқылы заң шеңберінде шешілуі тиіс. Сондықтан ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеуде сіздердің көмектеріңіз ұшан-теңіз боларына сенім мол», - деді Бақытжан Жақсалиев.

Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша электр қуатына жалпы қажеттілік орташа есеппен сағатына 400 МВт құрайды. Оның 30 пайызы ішкі көздер есебінен алынса, 70 пайыздан астам бөлігі еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады.

Форумда энергетика саласына жетекшілік ететін бірыңғай ведомство құру төңірегінде әңгіме өрбіді. Себебі бұл қызметтер бөлек-бөлек, сондықтан аталған саланы тексерумен түрлі органдар айналысады. Бұл жұмыстар бір орталықтан жүргізілуі керек дейді аға буын өкілдері.

«Елімізді электр энергиясымен қамтамасыз етуде әлі қыруар іс тындырылуы керек. Бұл ретте аталмыш саланы одан әрі дамытудың нақты бағыттарын айқындауымыз қажет. Ол біріншіден халықты арзан бағалы электр қуатымен қамтамасыз етуге жол ашса, екіншіден ел экономикасының өрістеуіне мүмкіндік береді» - дейді Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразалинов.

Алқа отырысы соңында бірқатар ардагерлер Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы мен Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің "Құрмет грамотасы",  Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, Қазақстан энергетикасы саласы ардагерлерінің кеңесі 2009 жылы құрылған. Аталмыш ұйымға мүшелік ететін аға буын өкілдері содан бері еліміздің әр өңірінде бас қосып, іргетасын өздері қалаған саланың бүгіні мен ертеңін талқылап келеді.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости