Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының өндіріс қуатын көбейту 2029 жылдан 2030 жылға жылжытылды. 23 мамыр күні Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ («Самұрық Қазынаның» еншілесі), «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС (ПКОП, «ҚМГ» еншілесі) мен CNPC өкілдері зауыттың өндіріс қуатын жылына 12 млн тоннаға жеткізу жобасына қатысты жиналыс өткізген. Жаңа объектілер 2030 жылы іске қосылады.
Жалпы алғанда бұған дейін министрлік Шымкент МӨЗ-інің өндіріс қуатын алдымен 9 млн тоннаға, одан 12 млн тоннаға жеткізу туралы жоспар барын хабарлаған еді. Мерзім 2029 жылға қарай деп айтылған. Жыл сайын тұтынушылар көбейіп келе жатқандықтан, дәл сол жылға қарай мотор отыны қайтадан тапшы болып қалуы мүмкін.
ПКОП — Орталық Азиядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыттарының бірі. Өндіріс қуаты — жылына 6 млн тонна. Елдің қажетін, әсіресе, мотор отынымен қамтамасыз етіп отыр. Жауапты министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып Қазақстан мен Қытай арасында үкіметаралық келісім жобасын дайындаған. Оның ішінде шикізат, инфрақұрылым және энергоресурстармен қамтамасыз ету, халықаралық стандарттарды қолдану және әлеуетті инвесторлардың қарсы міндеттемелерін ұсыну мәселелері қаралған. Алдын ала жасалған есеп бойынша, жоба іске асырылса, автобензин өндірісін — 700 мың тоннаға, әуе отынын — 700 мың тоннаға, дизель отынын — 3,9 млн тоннаға дейін ұлғайтуға болады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен ПКОП президенті Ерболат Қожабаев былтыр жыл соңында зауыттың өндіріс қуатын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға ұлғайту жобасындағы басты мәселелерді шешетін жол картасына қол қойған. Соның ішінде жаңа жобаға керек жер телімдерін бөлу және өндірістік-технологиялық қажеттерге су үздіксіз беріп отыру мәселесі қамтылған.