Депутат Құспан: Бишімбаевқа қатысты алғашқы сот ісі - абсурд

Сағыныш Сардарова 21 мая 2024 14:11 3628

Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан экс-министр Бишімбаевқа қатысты қозғалған екі сот ісіне пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Заңгердің сөзіне сүйенсек, Бишімбаевқа 20 жылдан аса жаза берілгені күтпеген жайт болмаған.

"Ашығын айтатын болсақ, өзіміздің бір-екі ортада жиырма жылдан жоғары береді (Бишімбаевқа жаза - еск.) деген пікірді айтқанмын. Сондықтан маған күтпеген жағдай болды деп айта алмаймын. Бұл жерде сотталушының жеке басы да ескеріледі. Ең бастысы бұрын сотты болғаны, содан тиісті қорытынды шығармағаны деген мәселе ескеріледі. Әрбір қылмыстық істің өзінің ерекшелігі бар. Заңды, заңсыз деп айтудан бас тартамын (Бишімбаевқа шыққан сот үкімі туралы - еск.), ол мүмкін емес нәрсе, әлі заңды күшіне енбеген дүние. Екіншіден, апелляция қандай шешім қабылдайды, заңсыз деп бұзып қайтадан жібере ме?! Сондықтан қазіргі таңда әлі де ертерек деп есептеймін", - деді сарапшы Abay Live-қа.

Абзал Құспан Бишімбаевқа қатысты сот ісі неліктен қоғам назарын аударғанына тоқталды.

"Негізі мұндай сот процестері бұрын-соңды болды. Мысалы, Сайрагүл Сауытбай ісін алып қарайық. Мен өзім жүргізген, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген, өте-мөте маңызды сот процесі. Теледидардан тікелей қосқан жоқ. Бірақ келіп отырған журналистер сот процесін жүргізді. Мына жерде (Бишімбаев ісінде - еск.) ерекшелігі Жоғарғы сот өзі қосып қойды. Сонымен қатар, Атыраудағы Бергей Рысқалиевтің командасына қарсы жүрген істе бастан-аяқ қатыстым. 2012 жылы қозғалды. 2014 жылы сотқа жетті. 2014 жылы сот процесі үш ай жарым бойы болды. Бірақ қоғамның қызығушылығы болмады. Яғни бұрында да сот тарапынан "ел білсін, көрсін" деген талпыныстар болды. Бірақ бұл іс жеке басына байланысты, оның бұрынғы атқарған қызметіне байланысты, жәбірленуші тараптың да ашықтығына байланысты қоғамда кең талқыланды. Мұның ерекшелігі де сол. ...Шындығы керек, (бұл іс - еск.) бүкіл ауруымызды қоғамның бетіне шығарды. "Ауруын жасырған өледі" деген қазақтың мақалы бар. Осы тұрғыдан келетін болсақ, бұл жерде үлкен қадамға бардық деп есептеймін. Өз ауруымызды жасырмай шығарып, қоғамның талқысына ашық ұсындық", - деп түсіндірді заңгер сұхбатта.  

Абзал Құспан Қуандық Бишімбаевқа қатысты қозғалған бірінші сот отырысы туралы да айтты. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрынғы Қуандық пен қазіргі Қуандықтың жер мен көктей айырмашылығы бар.

"Ол кезде сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айып тағылса да, өте сауатты, білімді, дұрыс азамат деген, Қуандық туралы пікірім өте жоғары болды. Өйткені ұзақ уақыт сот тергеуі жүрген кезде көзіміз жетті. Оны қорғамасам да көптеген сұхбатымда ол туралы жоғары пікірімді айтып жүрдім. Ол ойымнан бас тартпаймын.

Неге Қуандыққа жақтас болдым?! Жай ғана адвокаттық тұрғыда емес, мәселе оған тағылған айыптың абсурдтығында болды. "Пара алды" дейді. Антикорды бір азаматтар басқарған кезде өте жеңілдетіп алды. Пара беруді бұрынғыдай дәлелдеу қиын болмайтын болды. Қолдағы билікті пайдаланып, пара беру қылмысын дәлелдеуді жеңілдетіп алды. Бишімбаевты пара беріп жатқан кезде ешкім ұстаған жоқ. "Анау айтты, мынау айтты" деп, ол айтқан адамдардың өздерін мәжбүрлеп, олардың кейбіреулері бас тартып еді, оған қысым көрсетіп, сөйтіп жүріп соттады. Оны көзіміз анық көріп отырды. Қызылордада әйнек (зауытын - еск.) салып жатқан америкалық компания сотта келіп айтқаны қатты әсер етті. "Біз түсінбейміз, зауытты салып болып қалдық. Министрлеріңіз пара алды ма, алмады ма, біздің шаруамыз жоқ. Бірақ жұмысымызды неге тоқтатасыңдар?" деді. Сол кезде барлық жағдай анық болды. Сол кезде мен ашық айтқанмын. Қазір де ол ойымнан бас тартпаймын. Көршілес елдердегі лоббистердің әрекеті болды деп есептеймін, саяси тапсырыс болды. Кезінде дәл осындай мәлімдемелерді Мұхтар Жәкішев те айтқан болатын. "Қазақстанда уран өндіру ісі бұлай дамып бара жатқаны көрші елдерге ұнамады, солардың тапсырысымен сотталдым" деді. Дәл осындай жағдай Бишімбаевтың сол ісінде де қайталанды.

Мен депутат болған екенмін, мемлекетке қызмет жасайды екенмін деп ол ойымнан бас тартпаймын. Ол ісім бойынша пікірім өзгеріссіз қалады. Қазіргі мына ісі бойынша жантүршігерлік жағдайларды көріп, үлкен психологиялық күйзеліске түскен адам деп есептеймін. Ақыл-есі кем адам деп есептемеймін. Тәрбие жағынан айта алмаймын, қалай болғанда да тәрбиесінде кемшілік кеткен деп есептеймін. Ал маман ретінде әйнек зауытын салып болған кезде Қазақстан қандай пайдаға батқан болар еді?! Сыртқа, шетелге кетіп жатқан дүниені үнемдеген болар едік. Соны салдырып, аяқтатпау үшін жасалған процесс деп есептеймін. Мемлекетшіл тұлға ретінде Бишімбаевқа қатты жаным ашыған болатын. Сотта да өте сауатты болды. Мына сот процесінде (Нүкенованың өлімі бойынша - еск.), әрине, бірдеңе айту мүмкін емес. Ол кезде көрген Қуандық пен мына Қуандық - аспан мен жердей айырмашылық. Тіпті кейбір сөздерін аяғына дейін тыңдап отыру мүмкін болмады", - деді Абзал Құспан.

Сонымен қатар, депутат Қазақстан түрмелерінің жай-күйі туралы айтып, "шенділер түрмеде өзіне жағдай жасап алады" деген бос сөз екенін жеткізді.

"Қазақстанның түрмелерінен қашу өте қиын. Күні бүгін Мәсімовтің қамау орнында отырғанын сенімділікпен айта аламын. Біздің комитетіміз, заңнама және сот құқықтары реформасы комитеті - осы салада профильді комитет. Біздің басқа ақпараттарды алу мүмкіндігіміз бар. Бір ғана мысал айта қояйын. 2023 жылы желтоқсан айында Бақытжан Базарбек, Мұрат Әбенов, тағы да бір топ депутатты алып, Астананың тергеу изоляторын көрсеттім. Сол кезде үш экс-министр тергеу изоляторында отырды. "Олар (бұрын шенді лауазым атқарып, сотталғандар) өзіне ерекше жағдай жасап алған" деген әңгіме пайда болды. Олар (депутаттар түрмеге келгенде - еск.) келгенде ешкім дайындалып қойған жоқ.

Тергеу изоляторына аяқ асты барған күні хабарластық та бардық. Сонда Қуандық та отырды. Бекетаев, Арыстанбек Мұхамедиұлы - осылардың бәрі көппен бірге "хата" дейді өз тілдерінде, былайша айтқанда, қамау орнында отырғанына көздерін жеткізді", - деді Абзал Құспан.


Рекомендовать
Последние новости