Тоқаев билікке келген 5 жылда елде не өзгерді?

Қаракөз Амантай 17 мая 2024 13:51 7168

17 мамыр – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 71 жасқа толды. Бүгінде оның ел тұтқасын ұстап, билікке келгеніне 5 жылға таяп қалды. Осы тұста Dalanews.kz агенттігі Тоқаевтың бес жыл ішінде мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында атқарған маңызды қадамдарын саралап көрді.

Мемлекет басшысының билікке келуі

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

Араға екі жыл салып 2022 жылы 20 қарашада тағы да Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Осылайша сайлау қорытындысы бойынша 81,31% дауыс жинап, жеңіске жетті. 2022 жылы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті.

2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қызметін атқарды. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды.

Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған көптеген игі іс атқарып келеді. Ендеше солардың бірқатарына тоқталып өтейік.

Алғашқы Жолдау

2019 жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінен кейін алғаш рет халыққа "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның  тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі" атты алғашқы Жолдауын ұсынды. "Заман талабына сай тиімді мемлекет", "Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету", "Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика", "Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі", "Қуатты өңірлер – қуатты ел" сияқты бес бөлімнен тұратын Жолдауда елімізде қордаланған проблемаларды шешу жолдары мен Елбасы стратегиясын жалғастыру бағыттары қарастырылды. Сонымен бірге әлеуметтік мәселелерге, мемлекеттік басқару саласындағы проблемаларға, саяси реформа жүргізу қажеттілігіне көңіл бөлген болатын. Жыл көлемінде осы проблемаларды шешу үшін заңнамаларға өзгертулер енгізіліп, жаңа заңдар қабылданды, бағдарламалар іске асырылуда.

Президент заман талабына сай мемлекет орнату үшін келесідей тапсырмалар орындалу керектігін атап көрсетті:

1) Партия құрылысы үдерісін жалғастыру

2) халықпен тиімді кері байланыс орнату

3) митингтер туралы заңнаманы жетілдіру

4) қоғамдық келісімді нығайту

500 мың адамның несиесі кешірілді

2019 жылы 26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр өмірлік жағдайға қалған отбасылардың кредитін кешіруді тапсырды. Осылайша Жарлыққа сәйкес, маусымның 1-іне дейінгі жалпы қарызы 3 миллион теңгеден аспайтын көпбалалы, асыраушысынан айырылған және мүгедек баласы бар отбасылар, ата-анасыз қалған 29 жасқа дейінгі жастардың 300 мың теңгеге дейінгі кредиті кешірілді. Аталмыш мүмкіндікке 500 мыңнан астам адам ие болды. 2020 жылы бұл мақсатқа 326,9 млрд теңге бөлінді (республикалық бюджеттен – 279,9 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 46,9 млрд теңге). 2019 жылы АӘК төлеуге 244,2 млрд теңге бөлінген болатын.

"Жусан" операциясы

2019 жылы 10 мамырда Мемлекет басшысы тағы бір маңызды істің басын қайырды. Бұл – "Жусан" операциясы еді. Аталмыш бастамаға сәйкес, Қазақстан Сирия мен Ирактан қазақстандықтарды қайтару бойынша жұмыс атқарды.

"Менің тапсырмам бойынша 7 және 9 мамыр күндері Сириядан 231 Қазақстан азаматы елге жеткізілді, оның 156-сы балалар, дені мектеп жасына дейінгілер, соның ішінде 18-і – жетім балалар. Бұл ауқымды гуманитарлық акция – Тұңғыш Президент –Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен биыл қаңтар айында жүргізілген "Жусан" операциясының жалғасы болды. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар елімізге қайтарылған азаматтармен оңалту шараларын жүргізді. Оларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетілді" – деді Президент өз мәлімдемесінде.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша 2019 жылы елге 277 ересек адам мен 547 бала қайтарылды.

Зейнетақы жинағы

Ел игілігі үшін Президент қабылдаған тағы бір айтулы істердің бірі – зейнетақы жинағы болды.

"Менің тапсырмамның аясында тұрғындар зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын", - деді Президент.

2021 жылдың қаңтарында Қазақстандағы салымшыларға зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге жұмсауға, сондай-ақ жеке инвестициялық компаниялардың басқаруына беру мақсатында пайдалануға құқық берді. 2021 жылы 10 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырды.

Жерді сатуға және жалға беруге заң жүзінде тыйым салынды

2021 жылы 13 мамырында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге Қазақстанда ауыл шаруашылыққа арналған жерлерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заңға қол қойды. Заңға сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына, халықаралық ұйымдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ, қандастарға жеке меншікке және жалға беруге тыйым салынады. Осылайша, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығы тек қана Қазақстан азаматтарына және шетелдік қатысуы жоқ заңды тұлғаларға беріледі. Еске сала кетейік, ақпан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында мемлекет басшысы шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынатынын мәлімдеген еді.

"Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы"

2022 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы мән-маңызы айырықша, ауқымы кең, мазмұны бөлек "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдауын ұсынды. Мқнда "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасы – Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі болды. Президент өз Жолдауында сот пен құқық қорғау жүйесін жетілдіруге, бизнесті дамытуға, қаржы ресурстарын дұрыс бөлуге, халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуге, ел аймақтары арасындағы теңсіздікті жоюға және халықты толғандырып жүрген басқа да мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Нақты мысалдар келтіріп, проблемаларды шешудің тиімді жолдарын да ұсынды. Мысалы, "7-20-25" бағдарламасы пәтер алуды көздейтін көпбалалы отбасыларға қиынға соғатынын айтып, "Бақытты отбасы" атты жаңа бағдарламаны жүзеге асыруды ұсынды.

"Ұлттық қор - балаларға" жобасы

Президент тапсырмасына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап "Ұлттық қор – балаларға" жобасы ресми қолданысқа енді. Оның мақсаты – жас ұрпақты қолдау. Келешекте ел азаматы жиналған қаржыны екі бағытта: оқу ақысын төлеу не тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмсай алады. Бірақ, баспана ел аумағында орналасуы тиіс. Жоба аясында еліміздегі 6,9 млн баланың есепшотына 100,5 доллардан түсті. Жалпы сомасы –  695 млн доллар. Бұл қаржы Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында болады. Есепшоттағы қаржыны депозитке салуға немесе уақытынан бұрын шешіп алуға мүмкіндік жоқ.

Су тасқыны

Осы  жылы наурызда еліміздің бірнеше аймағын су басты. Тұрғындар эвокуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілген еді. Осы тұста, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

"Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, "Қазақстан халқына" қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. "Самұрық-Қазына" қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды.


Рекомендовать
Последние новости