Орталық Азиядағы саяси диалог жаңа деңгейге көтерілді. Сарапшылар пікірі.

Жарбол Кентұлы 17 мая 2024 13:59 102935

Орталық Азия елдері арасындағы мәдени-рухани байланыс жаңа қарқынмен дамып жатыр. Себебі, мемлекетаралық саяси диалог жаңа деңгейге көтерілді.

Дәйекпен айтсақ, соңғы бес жылда өңірішілік сауда айналымы 80 процентке өсіп, жалпы сомасы 10 миллиард доллардан асқан. Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестері хатшыларын қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды басқосуда осындай деректерді келтірді.


«Мемлекетаралық саяси диалог та мүлде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өңір елдері арасындағы өзара сауда-экономикалық ықпалдастық белсенді түрде кеңеюде. Соңғы бес жылда өңірішілік сауда-саттық көрсеткіші 80 пайыздан астам артып, 10 миллиард доллардан асқан.

Бұл ретте елдер арасындағы экспорттық-импорттық операцияларды жоспарлы түрде ұлғайту, тауарлардың номенклатурасын көбейту мәселелері шешіліп жатыр. Бизнес арасындағы байланыс күшейіп, бірлескен кәсіпорындардың саны арта түсті.

Аймақтық ірі жобалар бәрімізге айтарлықтай пайда әкеліп қана қоймай, Орталық Азия экономикасының бүкіл құрылымын да өзгертеді. Көлік-логистика әлеуетінің еселенуі өңірдің қарқынды дамуы үшін берік негіз болады. Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар жанданып, Орталық Азия мемлекеттері арасындағы қатынастардың одан әрі нығая түсуіне ықпал етеді», – деді Мемлекет басшысы.


Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшыларының Президент Тоқаевпен кездесуіне қатысты сарапшылар өз пікірін білдіруде. Саясаттанушы Жомарт Сімтіковтің айтуынша, бұл кездесу - сыртқы және ішкі сын-қатерлер мен қауіптің алдын алу үшін күш-жігер біріктіретін, сондай-ақ қатерлерге қарсы тұруға қажетті шараларды әзірлейтін тиімді алаңға айналудың алғашарты.


«Бұл кездесудің маңызы зор, себебі бұл жиын Орталық Азияда көршілес отырған мемлекеттердің өзара достығын, ынтымақтастығын нығайтатын және ішкі-сыртқы сын-қатерлердің алдын алудың ізгі шараларын қарастыруға негізделген. Орталық Азия қауіпсіздік кеңесі аса тиімді ішкі саясатта болсын, сыртқы саясатта болсын, тиімді алаңға айналуға тиіс және айналып жатыр деп те айта аламын.

Сонымен қатар, аймақтық ынтымақтастық, мәдениет, сауда, экономикалық ынтымақтастықтың дамып келе жатқандығы соңғы он жылдықтың жақсы көрсеткіші болып отыр. Ұзақ уақыттан бері Орталық Азия елдерінің интеграциялық процестері жөнінде айтқанымызбен іс жүзінде көп дүние іске асып жатпағандығы байқалды. Дегенмен ішкі және сыртқы қауіпсіздікті ескере отырып аймақтық ықпалдастықтың нақты көрінісінің кепілі екенін де көруімізге болады», - деді Жомарт Сімтіков.


Саясаттанушы ғалымның айтуынша, бұл басқосудың болашаққа берер ықпалы зор. Өйткені шетелдік серіктестермен жан-жақты байланыс нығайып келеді. Қазір әлемдік ойыншылар үшін «Орталық Азия +» форматы өте тартымды болып тұр.
«Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңесі хатшылығы шындығында әлемдік геосаяси ойыншылардың Орталық Азия+ немесе Ауғанстанды Орталық Азиямен, не болмаса Еуроодақты немесе басқа да Қытай Халық Республикасы сынды түрлі мемлекеттермен қосып қарастыруға Америка Құрама Штаттары бастаған ірі геосаяси ойыншыларды қарастырған көзқарас десек болады.

Бұдан Орталық Азияға деген үлкен қызығушылықтың бар екендігін көріп отырмыз. Осы себепті Орталық Азия мемлекеттерінің өздеріндегі қауіпсіздік проблемасы, әсіресе көршілес елдермен, сонымен қатар өңірдегі қауіпсіздікті сақтау үлкен сын болып тұр», - деді Жомарт Сімтіков.


Келелі кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи сын-қатерлердің көбі трансшекаралық сипатқа ие екенін айтты. Сондықтан оларға қарсы тұру үшін күш-жігер біріктіру қажет.


«Бұл жерде, ең әуелі, халықаралық экстремизм мен терроризмге, есірткі тасымалына, қару-жарақ саудасына қарсы күрес туралы сөз болып отыр. Осы орайда Ауғанстанға баса мән беруіміз керек. Бұл елде күрделі әрі түрлі бағыттағы процестер жүріп жатыр. Онда белгілі бір деңгейде тұрақтану, экономикалық жағдайдың жандану белгілері бар екенін мойындау қажет.

Екінші жағынан, халықаралық террористік ұйымдардың белсенділігіне байланысты қауіп-қатердің жоғары деңгейі сақталып отыр. Бұған Мәскеу облысында жұртты қанға бөктірген лаңкестік әрекет дәлел бола алады. Біздің ойымызша, Ауғанстанды өңірлік байланыстарға белсенді тарту – дәл қазіргі кездегі стратегиялық міндеттердің бірі. Мұнда көп нәрсе біздің елдеріміздің үйлесімді ұстанымына байланысты. Қазақстанда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу өзекті мәселе деп санаймыз», – деді Президент Тоқаев.


Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбеннің пікірінше, кез келген толыққанды мемлекет сияқты, сындарлы және салмақты қазақ дипломатиясының негізгі басымдығы - ұлттық мүддені қорғау, ал ол ең алдымен Қазақстанның қауіпсіздігін, егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуден тұрады.

«Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанның сыртқы саясаты басқа мемлекеттердің көңілін немесе тілектерін емес, ең алдымен еліміздің дамуы мен өркендеуі үшін қажет нәрсені басшылыққа алады. Соған қарамастан, Қазақстан стратегиялық әріптестеріміздің, одақтастарымыздың және көршілеріміздің мүдделерін мүмкіндігінше ескеруге ұмтылады», - деді Дәурен Әбен.

Сарапшының пайымдауынша, соңғы жылдары Қазақстан көршілес Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөле бастады. Өңірдегі елдер басшыларының консультативтік кездесулерімен қатар, біздің еліміз өңірлік ынтымақтастыққа тың серпін беруге ұмтылып, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды ілгерілетуде.

«Президент Тоқаевтың айтуынша, Орталық Азия мемлекеттері бір-бірімен орынсыз бәсекелестіктен аулақ болып, аса маңызды халықаралық мәселелер бойынша ортақ ұстанымға жетуге тырысуы керек. Бұл негізі дұрыс ұстаным. Алайда, әр елдің өзіндік ерекшеліктері, мүддесі барын ескерсек, ондай үйлесімдікке жету оңай шаруа емес. Ол үшін уақыт, салиқалы саясат, өзара сенімділік, табандылық және тұрақтылық қажет. Бұл тұрғыда Орталық Азия, Әзербайжан және Түркия сынды бауырлас елдердің саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаратын түркі әлемінің одан әрі интеграциялану үдерісінің маңызы зор. Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін Қазақстан қазіргі күрделі геосаяси және экономикалық жағдайға қарамастан Түркі әлемінің бірлігін нығайтуға бар күш-жігерін салып жатыр», - деп өз ойын білдірді сарапшы.

Дәурен Әбеннің пікіріне сүйенсек, біз өзімізді халықаралық құқықтың үстемдігін және барлық мүдделі тараптармен өзара тиімді байланыстарды кеңейтуді жақтайтын, бейбітшілікті сүйетін, іс-қимылдарын болжауға болатын жауапты мемлекет ретінде позициялауды жалғастырамыз.

«Қазақстанның сыртқы саясаты еліміздің жаһандық және өңірлік саясат субъектісі ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған. Саяси субъектілігіміздің артуы мемлекеттігімізді одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз етуге көмектеседі. Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның аймақтық хабын құру, халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру сияқты бастамаларды дәл осы тұрғыдан қарастыру қажет», - деп ой түйіндеді Дәурен Әбен.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, достық, тату көршілік және одақтастық рухындағы өңірлік ықпалдастықтың деңгейі жоғары, яғни ынтымақтастық тек өңір ішінде ғана шектеліп қалмайды. Яғни Орталық Азия елдері қауіпсіздік кеңестерінің хатшыларымен өткен жиын - Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететін маңызды шара болып отыр. Айта кетелік, бұл басқосу - Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі. Ол жиын биыл 2024 жылы 9 тамызда Астанада өтеді. Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаевтың айтуынша, бұл отырыс Орталық Азия мемлекеттері басшыларының алтыншы Консультативтік кездесуіне дайындықтың маңызды кезеңі болып табылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы ұйымның биылғы төрағасы ретінде алдағы саммиттің әлеуетін нығайту үшін арнайы жұмыстар жүріп жатыр.

 


Рекомендовать
Последние новости