Шығыс Қазақстанда 10 мұғалімге пәтер кілті табысталды

Dalanews 28 авг. 2019 12:52 834

Жаңа оқу жылы басталардың алдында елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде білім саласының қызметкерлері бас қосып, тамыз конференциясын өткізеді.

Шығыс Қазақстан облысында өткен пленарлық отырыстың жұмысына аймақ басшысы Даниал Ахметов пен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен мұғалімдер қатысты.

Жиналыс басталмас бұрын делегация өкілдері Шығыс Қазақстан облысының әкімімен бірге start-up көрмесін тамашалап, «Digital East – болашаққа қадам 2019» атты халықаралық IT-форумда облыс әкімінің грантына ұсынылған ұсынылған жобалармен танысты.

Сондай-ақ колледж студенттерінің қолыннан шыққан ағаш пен металлдан жасалған құрал-жабдықтардың көрмесін көріп, «WorldSkills» сайысының халықаралық талаптарына сәйкес келетін «Мехатроника» лаборатиясын тамашалады.



Облыстық мамандандырылған математика, информатика физика саласындағы дарынды балаларға арналған мектептің оқушылары жобалардың бірін таныстырды. Олар оқыту кешеніне дронды бағдарламалау мен мектептегі роботты техника курсына ұшу аппараттарын пилотсыз режимде басқаруды енгізуді ұсынды.

Өз кезегінде балаларды мұқият тыңдаған Даниал Ахметов, облыстағы әрбір мектепке дрон сатып алынатынын және осы курстың жүргізілетінін атап өтті. Бұдан бөлек жиын барысында білім басқармасының басшылығына алгоритимдік ойлауды дамыту мақсатында бағдарламалауды әртүрлі тілде жүргізуді тапсырды.

Сондай-ақ компьютерлік жүйені заманауи білім беру жүйесіне қарай икемдеуді жүктеді.  Ал мұғалімдер қосымша курстарға барып, IT–бағыты бойынша білімдерін жетілдіретін болады. Айта кетейік, соңғы екі жылдың көлемінде 1125 мұғалім курстан өтіп, барлық 655 мектеп жаңа компьютерлер мен интерактивті құралдармен жабдықталды.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне баса назар аударылуда. Келесі жылы World Skills стандарты бойынша колледждерді жабдықтау жұмыстары жалғасын табады. Оған «Жас маман» республикалық жобасының ресурстары тартылады.



Бұл мақсатта облыста техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін кешенді жоспар әзірленген. Соған сәйкес техникалық және кәсіптік білім беру саласының маңызы артатын болады. Естеріңізге сала кетейік, 23,8 мың түлектің 6,7 мыңы немесе 30 пайызы колледждерде оқуға ниет білдірген. Ал биылғы оқу жылында 7,9 мың бала колледждерде тегін білім алуға мүмкіндік алды.

Оның ішінде өткен жылы оқу бітірген жастар да бар.

Осы мақсатта облыстық бюджеттен қажетті мамандарды даярлау үшін мемлекеттік тапсырысты орындауға 6,2 мың орын бөлінді. Бұдан бөлек республикалық бюджеттен Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1730 орын қарастырылған.

Тамыз конференциясының соңында Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысындағы білім беру саласының үздік қызметкерлерін марапаттады.


Көкпекті ауданы, Самар ауылындағы Ж.Болғанбаев орта мектеп-лицейінің ұжымы 2019 жылдың ең үздік білім беру мекемесі атанды.

Мектеп директоры Баян Бағисоваға аталмыш мекемені дамыту мақсатында 34 миллион теңгенің сертификаты ұсынылды. «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі ең үздік ұйымы» аталымын Семейдегі электротехникалық колледждің ұжымы жеңіп алды.

Колледж директорына 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Ал Аягөз ауданындағы С.Ғаббасов орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Бахтигүл Асылхановаа «Үздік тренер 2019» аталымын иеленіп, 500 мың теңге көлемінде сыйақы алды.

Бұдан бөлек 10 мұғалімге Өскеменде салынған үйлердің кілттері табысталды.

Рекомендовать
Последние новости