Шетелде діни білім алғандар жұмысқа қабылданбауы мүмкін

Dalanews 27 июл. 2017 17:39 1027

Қазақстан азаматтарының шетелде діни білім алуына шектеу қойылуы мүмкін. Діни қызмет туралы жаңа заңнама жобасына осындай норма енгізу ұсынылмақ. Бұл жайында sputniknews.kz сайты хабарлады. 
"Осы оқиға байланысты айтар болсақ,  Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев шетелдік оқу орындарына жастарымыздың бақылаусыз шығып кету мәселесін бірнеше рет көтерген болатын", − дейді ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің кеңесшісі Бақытжан Құлекеев.

Оның айтуынша, шетелге діни білім алу мақсатында барған жастарымыз радикалды діни ағымдар идеологтарының ықпалына түседі. Бұл қазақстандықтардың шетелдегі діни оқу орындарына баруы реттелмегендіктен болып отыр. Бүгінгі таңда 300-ге жуық азаматымыз шетелде осындай жағдайда білім алуда, көбенесе олар Египет пен Сауд Арабиясында оқиды. Отандастарымыздың бір бөлігі түсіндіру жұмыстарынның нәтижесінде елге оралды.

"Аталған мемлекеттерде ахуал бүгінгі таңда күрделі екендігін түсіну қажет. Ол жақта терроризмге қарсы және жалпы көші-қон тәртібі күшейтілді. Осыған байланысты егер радикалды ағымдардың жақтаушысы болмасаңыз да, марказ деп аталатын күмәнді оқу орталықтарында, діни немесе тілдік курстарда оқитын болсаңыз, жергілікті арнайы органдар мен полицияның назарына дереу ілігесіз", − деп баса айтты Құлекеев.

Осыған байланысты, министрлік ата-аналарға балаларын осындай оқу орындарына жібермес бұрын ойланып, барлығын ақылға салуға кеңес береді.
"Өзімізде оқу орындары жеткілікті. Мысалы, Алматыдағы "Нұр-Мүбарак" университеті мен елімізде медреселер жүйесі бар. Сондай-ақ, неліктен тиісті мамандық алып, болашақта табыс көзін таба алатын басқа да білім алуды ойламасқа", − дейді министрдің кеңесшісі.

Ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұдан былай шетелде келісімсіз білім алып келген азаматтарды жұмысқа қабылдамайтынын еске салып өтті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта діни қызмет туралы заңнама жобасы әзірленіп жатыр. Осы жұмыс шеңберінде шетелде теологиялық білім алумен байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін норма ұсынылатын болады.

"Бірнеше нұсқа бар. Біз оларды басқа ведомстволардың сарапшыларымен талқылау үстіндеміз. Олардың бірі Қазақстанда бакалавриат деңгейінде жоғарғы діни білім алғаннан кейін және тіркелген діни бірлестіктердің жолдамалары бойынша ғана шетел мемлекеттерінде рухани (діни) білім алуды қарастырады. Магистратура және докторантура деңгейі бойынша білім алуға шектеулер қарастырылмайды. Егер діни бірлестікте Қазақстан аумағында тиісті білім беретін мекеме болмаған жағдайда ғана оқыту қарастырылуы мүмкін. Аталған норма бойынша қойылатын шектеу азаматтардың білім алудағы басты құқықтарын бұзбайды", − дейді Құлекеев.

 

Рекомендовать
Последние новости