Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Талғарда бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық істің жақында сотқа жолданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Заңгер бұған дейін Талғарға барып, полиция және прокуратура өкілдерімен кездескенін атап өтті.
“Өткен жылдың желтоқсан айында бізге қаңтар айының соңына дейін қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдаймыз деп уәде берген еді. Қазір істегі күдіктілердің барлығы қамауда, әрқайсысына қатысты тиісті құқықтық баға берілді. Менің болжамымша, іс келесі апта немесе одан кейінгі аптада сотқа жолдануы керек. Прокуратура істі сотқа жібермес бұрын арнайы брифинг өткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі қолымдағы ақпарат осымен шектеледі”, – деді Абзал Құспан.
Айта кетейік, бұған дейін депутат Абзал Құспан марқұм Шерзат пен оның ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін жеткізген еді.
Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
Депутат аталған іс бойынша 170-тен астам куәгерден жауап алынып, жан-жақты тергеліп жатқанын алға тартты.
"Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр. Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп жатыр", — деп жазды депутат.
Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Қазіргі таңда кінәлі деп танылған 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті оның суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрқанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Хабарламада ол туысқандарымен қоштасып, жиенінің жанына жерлеуді сұраған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 10 желтоқсанда оның өліміне қатысты сараптама қорытындысы шықты.
"Сот-медициналық сараптаманың алдын ала болжамы бойынша, 9 желтоқсанда Талғардың шетінде табылған 30 жастағы ер адамның мәйіті өзін-өзі асу арқылы механикалық асфиксия нәтижесінде болғанын көрсетті. Денесінде зорлық-зомбылық сипаттағы белгілер жоқ.
Сарапшылармен анықталған дене жарақаттары, мысалы, странгуляциялық және мойынның абразиялары асылған жіпті қолданған кезінде пайда болатын жарақаттарға сәйкес келетінін көрсетті. Барлық белгілер суицидті көрсетеді, мойынындағы зақымдану сипаты мұндай жағдайларға тән", - делінген хабарламада.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін, бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті.
"Қаржаубай Нұрымов прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмелерін елемеді. Шектен тыс агрессивті мінез-құлық танытып, басқаларды өз-өзіне қол жұмсаймын деп қорқытты. Сонымен қатар полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, басқаларға да қауіп төндірді", — делінген хабарламада.
Осылайша Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.