Түркістан облысы Шардара ауданында әкесін қан-жоса етіп сабаған ер адамға қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде ер адам жергілікті мешіт азаншысы болып қызмет ететіні хабарланған болатын.
Алайда Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлеповтің сөзінше, ер адам Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дін қызметкері емес;
"Ол мешітте ешқашан азан айтпаған және ресми діни қызмет атқармаған. Оның қызметі дін саласына қатысы жоқ, қосымша той жүргізуші (тамада)", - дейді Төлепов.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұндай әрекеттерді қатаң айыптайды. Сонымен бірге, ата-анаға құрмет – әрбір мұсылманның басты міндеті екенін қалың жұртшылықтың есіне салады.
Еске салайық, әлеуметтік желіде Түркістан облысы, Шардара ауданында қартайған мүгедек әкесін баласы аяусыз соққыға жыққаны түсірілген видео тараған болатын.
Кадрдан баласы мен келінінің сөйлей алмайтын, өздігінен жүріп-тұра алмайтын қарияны көшеде және үй ауласында сүйреп жүргенін көруге болады. Ұлы әкесін балағаттап, жүре алмағаны үшін бірнеше рет ұрып-соққан. Соққыдан қарияның аузынан қан кеткені байқалады. Бірақ қария еш қарсылық білдірмейді, ал келіні араша түспейді.
Желіде бұл жағдай қызу талқыланып, үлкен резонанс тудырғаннан кейін облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасады.
"Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда, тергеу амалдары жүргізілуде", – делінген полицияның хабарламасында.