Бүгін, 2025 жылы 8 қыркүйекте ҚР Парламенті қос палатасының бірлескен отырысы алдында өзін қаумалаған журналистер сұрақтарына энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жауап берді. Ол Қазақстандағы бензин бағасына қатысты да пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
БАҚ өкілдері доллар бағамының өсіп жатқанына министр назарын аудартты.
"Бұл арада долларға байланатындай жағдай жоқ болар. Ішкі сұраныстар мен ұсыныстар бар, Ресей Федерациясындағы жағдайға байланысты адамдардың қобалжуы бар, қалай дегенмен де 7 мың шақырымға жуық шекараны айналып өтуіміз мүмкін емес қой. Сондықтан, Ресей өңірлеріндегі бензин тапшылығы мәселесі біздің азаматтарымызда да белгілі бір деңгейде алаңдаушылық туғызуда", - деді министр.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде АИ-95-ке қатысты жағдай тұрақты.
"Өткен аптада бізде 21 күннің, ал қазір 26 күннің қоры бар. Қор көлемі артып, зауыттар тұрақты жұмыс істеп тұр. АИ-92 бойынша да жағдай осындай. Менің ойымша, Ресей Федерациясындағыдай жағдай бізде қайталанбайды", - деп сендіреді Ақкенженов.
Ол жанар-жағармайды елден тасып әкетуге салынған тыйым үнемі ұзартылып отыратынын да нақтылады.
Айта кетсек, өткен аптада, яғни жаңа оқу жылы алдында АИ-92 маркалы бензин бағасы еліміздегі мегаполистердің жанар-жағармай құю бекеттерінде 6 теңгеге дейін қымбаттағаны белгілі.