Шақырту алған 300 мың жастың 40 мыңының ғана денсаулығы әскерге жарамды

Dalanews 01 окт. 2020 14:43 785

Сенатының депутаты Нұржан Нұрсипатов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары  Ералы Тоғжановқа балаларды әскери-патриоттық, отаншылдық рухта тәрбиелеу туралы депутаттық сауал жолдады.

– Ұлттық рухани құндылықтармен, отаншыл сезіммен суарылған бала ғана ертең мемлекеттің қауіпсіздігіне, Тәуелсіздігіне алаңдайтын, Отанының болашығы үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін азамат болып өседі. Әскер қатарында білімді, білікті сарбаз болады. Қоғам мүддесін  бәрінен биік  қоятын азамат болып қалыптасады. Отанды қорғау-әрбір Қазақстан азаматының абзал борышы. Ол ең алдымен, отаншылдықтан, әскери-патриоттық тәрбиеден басталады, – деді сенатор өзінің сауалында.

Н.Нұрсипатов 2019 жылды Елбасы «Жастар жылы» деп жариялағанын, Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев  мемлекет тарапынан жастарды қолдауға және оларды отаншылдық рухта тәрбиелеуге айрықша назар аударып отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі күні жыл сайынғы əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың саны 300 мыңға жуық болса, соның 40 мыңының ғана денсаулығы  әскери  борышын  өтеуге жарамды. Әскер қатарына  шақыру қағазын алған азаматтардың 25,4 пайызы әскери қызметке психологиялық және моральдық тұрғыда дайын емес. Әскери қызметке шақырылудан жалтару мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, – деді сенатор.

Депутат насихат жұмысы аясында әскери-патриоттық рух, мәдениет пен ұлттық тарихты, ұлт батырларын, өз кәсібінің шебері болған отандық тұлғаларды насихаттайтын хабарлар, фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып,  интернет-контент жасалғаны жөн екенін атап өтті.

Сенатор әскери-патриоттық тәрбие мәселесі қолданыстағы заңнамада бекітілмегенін айта келіп, әскери-патриоттық тәрбие беру жұмыстарын жүргізуді мемлекеттік органдардың басты тапсырмаларының бірі ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту қажеттігіне тоқталды.

Рекомендовать
Последние новости