Шамалғандағы апатта зардап шеккен әйел алғаш рет сұқбат берді (видео)

Dalanews 09 окт. 2019 06:19 881

Шамалған станциясында автобус пен пойыз қақтығысып, екі қызымен ауыр жағдайда ауруханаға түскен келіншек үйіне шықты. Ол сол күні басынан өткен қиын күнді еске алып, журналистерге алғаш рет сұқбат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап.

Зардап шеккен келіншек, қоғамдық көлікке сирек мінетінін айтады. Алайда, неге екені белгісіз, сол күні екі баласын ертіп, ата-анасына бармақ болған ол қандай да бір себептермен қоғамдық көлікке мінген. Автобус теміржол өткелінде тұрып қалып, "пойыз жақындады" деп ел шулағанда әйел сасқалақтап, есі шығып кеткенін айтады.
- Бір-ақ сәт. Бүкіл жолаушылар шулап кетті, есікті аш деп бәрі айқайлады, жүргізушінің де есі шығып кетті. Мен автобус салоны артынан алға жетемін дегенше, елдің бәрі сыртқа шығып кетті. Біз үлгермей қалдық. Басында біз автобустың ортасында отырғанбыз, жүргізуші алдымен алдыңғы есікті ашты, содан кейін ғана ортасын ашты. Мен екі баламен алдыңғы есіктен шығамын деп ойладым. Бірақ итере-митере сыртқа атылған халық мені кейінге ысыра берді, сөйтіп біз іште қалып қойдық. Адамдар таптап кетпесін деп балаларды жүргізуші артындағы орындыққа отырғыздым, - дейді Эльмира Жәнібекова.

Эльмира аурухана төсегіне үш апта танылған. Оған екі өте күрделі ота жасалған, дәрігерлер аяғынан тік тұрғызған ол жүруді енді үйреніп жүр. Қазір ол сөйлеуге қиналады, қолын да қозғалта алмайды.
- Қабырғалары үгіліп кеткен, бірақ біз оның гемо және пневмотораксқа ұласып кетуіне жол бермедік. Кеше біз науқасты амбулаториялық жағдайда ем алу үшін үйіне босаттық. Науқастың жағдайы қанағаттанарлық, үйіне шығатын кезде аяғынан тұрғыздық, ал алдында ол төсекке танылған болатын. Кеше үйіне өз аяғымен кетті деп айтсақ та болады, - деді Алматы қалалық № 7 клиникалық ауруханасының Травматология бөлімінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.

Сол апаттан зардап шеккен әйелдің екі қызы әлі ауруханада жатыр. Кенжесі әлі комада, ал үлкені есін жиды. Қазір оған ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр, айтқандай, бәрі тегін.
"Эльмира Жәнібекова материалдық көмектен үміттінбейді. Осы уақыт ішінде оған әкімдіктен де, автобус депосынан да, ҚТЖ-дан да ешкім хабарласпаған. Қалай дегенмен де алапат апаттан Құдай сақтап аман қалған әйелдің өзі қазір қыздары тезірек сауығып кетсе деп дұға қылады, сөйтіп сол жантүршігерлік апатты ұмытсам деп армандайды", - дейді телеарна тілшісі.

https://youtu.be/9olSjY7K3k0

Рекомендовать
Последние новости