Шабадан (әңгіме)

Dalanews 04 мар. 2021 16:51 1072

Айнаш Қасым – шығыстанушы, парсы тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты.
1974 жылы сегізінші наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының Бастаушы аулында дүниеге келген.
1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультетінің «Парсы филологиясы» мамандығына оқуға түсіп, 1996 жылы үздік бітірді.
2011-2020 ж.ж. Иран астанасы Теһрандағы Қазақ радиосының редакторы қызметін атқарды.
«Абай және парсы әдебиеті» атты монографияның авторы.
Аударма саласы бойынша парсы тілінен балалар мен жасөспірімдерге арналған Фарид-ед-дин Әттардың «Әулиелер шежіресін», Мұхаммед ибн Жәрир Тәбәридің «Тәбәри тарихын», Мохсен Хеджридің «Жарық жұлдыз» шығармасын, Молулавидің мәснәуиінен «Жақсы балаларға жақсы ертегілерді», Ахмад Хатамидің «Иранның қазіргі дәуір әдебиеті» атты кітабын, Иранның жаңа дәуір жазушылары – Мохаммад Али Джамалзаде, Садеқ Һедаят, Бозорг Алави, Джалал Але Ахмад, Ғоламхосейн Саеди, Баһрам Садеқи, Махмуд Етемадзаде, Расул Парвизи және
Махмуд Доулатабадидің
прозалық шығармаларын қазақ тіліне аударды.
Оралхан Бөкейдің «Бес тиын» және «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімелері мен А.С.Пушкиннің «Барышня-крестьянка» повесін парсы тіліне тәржімалады.
Қазақ-парсы әдеби байланыстары, Қазақстан мен Иран туралы танымдық тақырыптарда қазақ, парсы және орыс тілдерінде ғылыми-публицистикалық жетпістен астам мақала жазды.

 

[caption id="attachment_60726" align="aligncenter" width="505"] Бозорг Алави – реализм бағытында жазған романист, аудармашы, саясаткер, модернист журналист. Ол 1904 жылы 2 ақпанда Теһранда дүниеге келіп, 1997 жылы 18 ақпанда Берлинде көз жұмды. Алави ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Германияда шығармаларын жазып, аударма, сынмен айналысып, сөздік құрастырды. Оның есімі Иран әдебиетіндегі жаңа прозаның негізін қалаушылар Мохаммад Али Джамалзаде, Садеқ Һедаят және Садеқ Чубакпен қатар аталады. «Чешмһайаш», «Гилемард», «Салариһа», «Муриане» романдары жазушының ең танымал шығармалары. «Шабадан» – Алавидің 1934 жылы осы атаумен шыққан алғашқы жинағындағы әңгіме.[/caption]

Берлиннің тамыз айының жексенбі күнгі таңертеңгілік сұрқай райы тынысты тарылтты. Күннің қатты ыстығынан төсекте дөңбекшіп, үстін тер жапты. Сөйтсе де орнынан тұрғысы келмеді.
Зауыттардың түтіні мен орманның тұманы араласып, бөлменің терезесінен еніп жатқан шаң адамның жаны мен тәніне түскен қысымды арттырғысы келгендей сезілді.
Мен ол кезде Берлинде оқып жүргем. Үй иесінің шәйді үстелдің үстіне қойып кеткенінен бері жарты сағат уақыт өтсе де тұратын ойым болған жоқ. Есіктің артынан бір-екі рет: «Мырза, үйіңізден әкеңіз телефон соғып, сізді шақырып жатыр», – дегенде де жауап бермедім.
Сағат тоғызда біреу есігімді аптығып ұрып, бөлмеге енді. Үй иесінің жұмысы болған шығар деп алғашқыда мән бермедім. Кенет әкемнің дауысын естіп, орнымнан сылбыр амандастым. Креслоға жайғасты. Сигарет салатын алтын құтысын шығарып, темекі тұтатты: Содан кейін: «Бөлмең неге шашылып жатыр? Мына кітаптарды неге жинамайсың? Қарашы, сабын, қаламсап, тарақ, галстук, мүштік, мойынорағыш, тағы не?.. сурет... бәрі ыбырсып жатыр», – деді.
Әкемнің жаңа ғана қырынған бетінен аңқып тұрған әтірдің иісі маған өткір сезілді.
Рас айтады. Оның нақтылығы мен сақтығы, маңғаздығы мен бекзаттығы, ата-бабасынан берілген салмақтылығы мен ескішілдігі менің ретсіз, бейберекет өмірім мен зәбірлі күйіммен еш үйлеспейтін. Оның үйінде сабынға, темекіге арналған бөлек-бөлек шкаф пен кітап жинайтын жеке бөлме бар.
Бүгін әкеме қатты құрметсіздік көрсетілді. Салиқалы әкем үлкен басын кішірейтіп, үйіме өзі келді. Көпке созылған ұрыс-керістен кейін оның үйінен кетіп қалғам. Сағат бірде түстеніп, күнде түнгі он бірде үйде болып, ұйықтап, таңертең жетіде шәй ішетін үстел басында отырғым келмеді.
Ол шылым шегіп отырғанда бет-ауызымды жуып келіп, жанына тізе бүктім.
«Жазда сапарға шығу жоспарыңда бар ма?» – деп сұрады. Әкемнің ойын түсінбедім. «Сапарға шық» деді ме, әлде «менімен жүр» дегісі келді ме? Оның сауалына тура жауап бермеу үшін: «Менің ақшам жоқ. Сіз осы айда маған қосымша ақша беріңіз», – дедім.
Келгенім жақсы болыпты ғой.
Егер сізді көрмегенде қарыз алатын едім.
Қарыз алғанды жек көретінін білгендіктен ақшасымен міндетсімеуі үшін әдейі айттым. Әкем бір сәт үнсіз отырды. Осы үнсіздігі, осы бір жағымсыз әдеті мен үшін жазаның бір түрі еді. Қызарған үлкен көзі қаласа мені өртеп жібере алатын. Тағылық дәуіріндегі әкенің қатігездігі мен билігінің мұрасы болған мұндай көз маған төзгісіз, жаман әсер ететін. Әкем азғана үнсіздіктен кейін қалтасынан банктің дәптершесін шығарып, жүз марка чек жазып берді де: «Мен жолға шығамын. Сито жаққа, Чехословакиядағы қала сыртындағы үйлердің біріне барамын. Атын ұмытып қалдым. Пойыз сағат он бірде жүреді. Егер қолыңнан келсе, үй иесінің ұлы шабаданымды стансаға апарып келгенше менің үйіме барып, сонда отыра тұр. Егер қаласаң, өзің сағат он бірде шабаданмен стансада бол. Жолға бірге шығамыз», – деді.
Оған қарамастан: «Жақсы», – дедім.
Несі жақсы? Өзің барасың ба, әлде шабаданымды жеткізуге бересің бе?
Сіз шабаданыңызды өзіңіз апара алмайсыз ба?
Көзінен ұшқын жарқ ете қалды. Дегенмен білдіртпеді. Кәнігі әдетіне басып, салқынқандылықпен: «Одан бұрын басқа жерде жұмысым бар. Қазір сағат тоғыз. Тоғыз жарымда бір жерде болуым керек», – деді.
Жарайды. Мен шәйімді ішіп болған соң банкке соғамын. Содан кейін сіздің үйге барып, үй иесінің ұлы шабаданыңызды стансаға апарып, қайтып келгенше қаламын.
Жоқ, егер банкке барсаң, кеш болып кетеді.
Өкінішке қарай, қалтамда көк тиын жоқ.
Күліп жіберді. Мен де күлдім. Тағы жүз марка берді. Рахмет айттым. Әкем кетіп қалды.

Көңілім босап кетті. Әкемнің өзі өткен әлемнен келе жатқан жақсы естелік болғанымен, түрі ұқсамайды. Оның әтірі мен галстугы осы кезеңдікі болғанымен, ой-түсінігі басқа. Тура сағат он бірде міндетті түрде тамақ ішуі керек. Әйтпесе өмірдің жүйесі мен тәртібі бұзылады, тұрақтылыққа нұқсан келеді, отбасы күйрейді. Отбасының қасиетті қағидаларын сақтау қажет. Адамның ұл-қызы бір-бірінің жанында, бәрі шүйіркелесіп, отбасының үлкені әке төрде отырып, бұйырып, бірі келіп, бірі кетіп жатса қандай ғанибет. Әке – үйдің құдайы. Отбасындағы діннің нақты көрінісі немесе керісінше, тура бұрынғы замандағыдай.
Киініп, сыртқа шықтым. Берлин көшелерінің сұрқайлығы тамыз айындағы осы қалаға тән келбет. Қапырық жаз мені әбден мезі етті. Әкеммен қаланың сыртындағы үйге барсам ба екен? Оның былай жасануы мен әтір себуі тегін емес. Чехословакияның шекарасына дейін бармақ. Неге? Мен де бірге барамын. Жоқ. Бірнеше күн бұрын әлгі орыс қыз... аты кім еді? Катюшка... Катюшка... Усаловна. Екеуіміз қоштасқан кезде өзінің аппақ, жіңішке салалы саусақтарын менің қолыма қойып: «Тағы кездесейік. Мен Ситоға барамын. Сен де сол жерге кел», – деген болатын. Алдыңгүні түнде ақ, ашаң жүзін тіземе қойып, кейін бетіме төсеп, бірнәрсе деп сыбырлап, маған жағымпазданғандай, мені мақтағандай болды ма? Жоқ, жағымпаздық емес. Ондай жағдайда өтірік айтпайды. Өтірік болса сезілмес еді. Не істеді? Саусағымен шашымды салалап, сипап: «Сен басқалардан ерекшесің», – демеді ме?
Көшенің ортасында күлкіге бастым. Қарасам, бір сағаттан астам уақыт бойы сеңделіп жүріп, әкемнің үйінен де өтіп кетіппін. Кездейсоқ машинаны тоқтатып, міндім.
Машинаның жайлы қозғалысы бесікке бөленген сәбидей ұйқымды келтірді. Әртүрлі оқиғаға толы түс көрдім: Катюшка... Усаловна. Қайда барады? Ситоға? Сито... Бұл атауды бүгін де естідім. Бұл әкем де баратын жер. Әкеммен неге барамын? Жоқ, әкеммен емес, Ситоға Катюшка Усаловнаны көру үшін барамын. Бұл есімнің өзі әуезді. Катюшка... Усаловна... Дегенмен осындай мигрант орыстармен уақыт өткізуге болады. Маған не айтпады: герцог, принц, сарай, Распутин, патша, Толстой, Сібір... Менің өзіне қарама-қайшы екенімді, оның кеудесіндегі жылтырақ әшекейлерін емес, тек ернін ғана жақсы көретінімді білді. Сөзіне қарсылық білдіргенде сөйлемеуім үшін өз ернін менің ерніме қоятын. Барлық сөзін құлағыма да қыстырмағанымды, айтқанын өтірік санайтынымды түсінетін. Соған қарамастан мені сүйді. Қазір де сүйеді. Сенімдімісің?
Шопыр: «Мырза қайда барайын?» – деп сұрады.
Сағат неше?
Он жарым.
Мекенжайды атадым. Ситоға баруға шешім қабылдадым. Бірақ әкеммен бірге баруға үлгермеймін. Алдымен үйіне барып, шабаданды машинаға салдым. Банктен ақша алып, машинамен түскі сағат бірде әкем кеткен жаққа аттандым.
Машина Гурлитисте бір сағаттай аялдағандықтан Ситоға кешке таман жеттім. Сол жерден темір жол арқылы саяжайларға жолға шықтым. Шабаданды стансада қалдырып кеттім. Қаланың сыртындағы бар-жоғы екі қонақ үйден Катюшканы сұрастырдым. «Жасыл үй» қонақ үйінде тұрып жатыр екен. Катюшка анасы және тағы бір әйелмен «Жасыл үйден» екі бөлме жалдапты.
Бір сағаттан кейін қағазға: «Сүйікті Катюшкам! Қазір ғана келдім. Сені көргім келеді. Уақыт пен мекенді айт. «Ф»», – деп жаздым.
Қоңырау соғып едім, қызметші келді. Сары шашты, көзі көк, он тоғыз жастағы қыз екен. Хатты қолына ұстатқанда күлімсіреп: «Сіз «Ф» мырза емессіз бе? Төрт күн бұрын келген ханым күн сайын сізді сұрайды», – деді.
Неге сізден сұрайды?
Мен ханымды жақсы көрем ғой. Былтыр да осында болған. Маған бір кітап сыйлады. Тағы бір нәрселер бар.
Тағы не бар?
Ханым маған сырын айтқан.
Сіздің есіміңіз кім?
Фридель.
Жақсы, Фридель. Айтыңызшы. Қандай сыры бар?
Мені қыстамаңызшы.
Жарайды, айтқыңыз келмесе, айтпаңыз.
Қыз сәл ойланып: «Жоқ, сізге айтамын. Мен Катюшка ханымның тек сізді ғана жақсы көретінін білемін. Катюшка ханым осы жерге келген күннен бері күн сайын сізді сұрайды. Бүгін ханымға бір мырза келді. Ханым бірнеше күн бұрын үй жалдауға анасымен келген кезде де осы мырза қастарында болған. Бірақ ханым оны жақсы көрмейді. Менің ойымша, шарасыз. Кеше «Ф» мырза қашан келеді екен деген болатын», – деді.
Мен қалтамнан екі марка алып, Фридельдің қалтасына білдіртпей салдым да: «Фридель, ол кісі қандай адам?» – деп сұрадым.
Онысын мен білмеймін. Мен жақыннан дұрыс көрген жоқпын.
Түсінікті. Фридель, қазір хатты ханымға жеткізіңіз. Бірақ ешкім байқамасын.
Үстіме мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Мына қонақ үйден кетіп, әкем жатқан жерге баруды ойладым. Түптің түбінде әйелдердің барлығы бірдей. Олардың көз жасы да, күлкілері де жалған. Егер Катюшка өтірікші болса, әйелдердің барлығы аяр. Ана жайнаған көзі қалай алдайды. Мен де оның көзі мен түріне басым айналғандай, ана кісі де шынтуайтында сұлулыққа ғашық. Оны айтпағанда, ол үшін менің қандай артықшылығым бар? Неге? Ол үшін мен артықпын. Мені шынымен жақсы көрген шығар. Бірақ оның ақшасы менен көп екені шындық. Отбасының қасиетті іргетасы осы жерден қаланады.
Пакетті бермегенім оң болды. Адам өзін босқа кішірейткен жақсы емес. Хатты да текке жібердім. Бірақ мына қыз оқиғадан хабардар болған соң басқаша істеу мүмкін емес еді. Фридель қайтып келді. Қағаздың бетіне Катюшка Усаловна былай деп жазыпты: «Анам сенімен танысқысы келеді. Өтінемін, кешкі асқа біздің террасаға кел».
Ондай болса киім ауыстырып, әдеп рәсімін орындау керек. Анасының қолын сүю лазым. Мен Катюшканың бетінен сүю үшін ғана келгем. Мен тек оның көзіне ынтықпын. Егер бүгін кешірім сұрап, әкемнің қасына барамын, ертерек келісіп қойғанбыз десем қайтеді? Катюшка.. Усаловна... Бұл есімді дауыстап айттым. Аузымнан еріксіз шықты.
Бөлменің есігі ашылып, Катюшка енді. Қасыма келіп: «Шынымен келдің бе? Сен келеді деп үміттенген жоқпын...» – деді.
Үнінің нәзік әуезін естіген кезде осы уақытқа дейін ол туралы ойлағанымның бәрін ұмыттым. Қолынан сүйіп, креслоға отырғызып: «Келгенімді көріп тұрсың ғой», – дедім.
Өзім де бір шетіне тізе бүгіп, оны құшағыма алдым. Ол маған қарап: «Мен еш үміттенген жоқпын», – деді.
Неге?
Неге? Мен сені танымайтын ба едім? Сен үнемі ұйықтап жүресің. Сен ешқашан ояу емесің. Қазір де айтқанымды естімейтін шығарсың.
Рас айтады. Мен оның ақ көйлегіндегі қызыл түсті гүл бұтақтарын тамашалап, көйлегінің астынан менмұндалаған аппақ кеудесіне тамсанып, қара түсті орамалының тасасындағы әсем мойнына құмартып, көзін түгел жауып тұрған қара кірпіктеріне қарап тұрғам. Сөзін естімедім. Өйткені қарабайыр санадым. Көзіне көзімді түйістірдім.
Мен анамның шақыруынан бас тартпауыңды сұрайын деп бұл жерге өзім келдім.
Менің келмейтінімді қайдан білдің?
Катюшка қабағын сәл шытып:
«Мен сенің мұндай рәсімдерді ұнатпайтыныңды білем», - деді.
Жауап берудің орнына ернінен сүйдім. Мені жақсы танитын.
Мені қаншалықты жақсы танисың?
Менің бұл сауалым оны қорлаумен пара-пар еді.
Бұл қыз өте сезімтал. Бірақ сезімі жасандылықтан ада немесе жасандылығы аз.
– Сен екеуіміздің таныстығымызға бір-ақ ай болды деп ойлайсың ба? Мен оң-солымды ажыратқаннан бері сені танимын. Алғаш рет сені қайдан көрдім? Түсімде. Иә, түсімде. Ол кезде он бестер шамасында болған шығармын. Мен үнемі сенің көзіңдей көгілдір көзге ғашық болғам. Сенің шашыңдай сары, толқынды шашты жақсы көрдім. Екеуіміз танысқан алғашқы кеште не айтқаным есіңде ме? Мен қиялға ғашық болдым. Қазір байқасам, ол қиялым сенің бойыңнан, шашыраңқы ойыңнан, өміріңнен, дықты көңіліңнен көрініс тауыпты. Сен менің өмірімнен хабардарсың. Сендер ерекше адамсыңдар. Сен мені өмір бойы жақсы көрмейтініңді мен жақсы білемін. Келіп, кететін бір толқын сияқтысың. Толқын қайтқанымен, су орнында қалады. Сен мені ұмытасың. Солай емес пе? Бірақ мен ұмытпаймын. Мен өз арманыма жеттім. Менің өмірім зая кеткен жоқ. Бұл күнге дейін осы қиялға деген ғашықтықпен өмір сүрдім. Бұдан былай да өткен күндердің естелігімен өмір сүремін. Сен менің күйеуім бола алмайсың. Сен менімен қалай өмір сүрмексің? Бірақ сенің жаныңда болған сол минутта.. сол минутта...
Жылады.
Мен қалай болғанда да өмір сүріп, күйеуге шығуым керек.
Мәселенің байыбына енді бардым. Жақында танысқан әлгі адам оның күйеуі болуы керек-мыс. Егер Катюшка қолынан келсе немесе басқа себептер оны қыспағанда үйленбесек те менімен бірге өмір сүре алар еді. Қазір оны не әкесі, не шешесі, ешкім мәжбүрлеген жоқ. Бірақ ақша, қоғам, орта деген қорқынышты, сұм диюлар оны тек өмір сүре алуы үшін өзін бүкіл өмір бойына сатуға итермеледі. Әйелдердің барлығы өздерін сатады. Кейбіреулер азғана ақша үшін бір сағат пен бірнеше күнге, басқалар тұрмыс жағдайларын қамтамасыз ету үшін өмір бойға сатылады.
Жылама, Катюшка. Сенің өміріңді неліктен жек көретінімді енді түсінген шығарсың?
Не айтып тұрғанымды өзім де аңдамадым.
Тағы сүйді. Орыстың жас қыздары ғана адамды осылай сүйе алады.
Енді қашан кездесеміз?
Кешкі астан кейін біраз серуендейік.
Келістік.
Катюшканың анасы және қастарындағы әйелмен ішкен кешкі ас жалықтырып жіберді. Астан кейін Катюшка екеуіміз серуендеуге шықтық. Жарты сағаттан артық жүрдік. Кеш қараңғылығы қоюлана түсті. Шырша ағаштары өскен орман арасынан ілбіп өттік. Жұқа бұлт аспанды қара көк түске малындырды. Жолда тірі жан жоқ, айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Алыстан ауылдардағы иттердің әупілдеп үргені естілді. Катюшка орысша бір өлеңді ыңылдап айтып келе жатты. Мен құлақ қойдым. Жарты сағаттай өтті. Орманның ортасындағы дөңнің үстінде ағаш лашық тұр екен. Катюшка шаршап қалған еді. Мен одан: «Ана жерде сәл отыра тұрғың келе ме?» – деп сұрадым.
Жаман ой емес.
Жүр, жоғары шығайық.
Құлап кетуден қорқамын.
Қорықпа, құлап бара жатсаң, сені ұстап қаламын. Төменде ауа тымырсық. Жоғарыда саф ауа.
Лашықтың бес баспалдағы бар екен. Аяғын бірінші баспалдаққа қойғанда сықырлаған дыбыс естілді. Катюшка менің құшағыма құлады. Бұл екеуіміздің сүйісуіміз үшін жақсы сылтау болды. Содан кейін ол менің демеуіммен жоғары шықты. Біздің айналамызды қалың қара ағаштар қоршап тұрды. Ағаштардың басы судың толқыны сияқты теңселді. Катюшка тағы ыңылдап орысша ән айтты. Дауысы бәсең болғанымен жігермен айтты. Қолынан ұстадым:
Катюшка...
Жауаптың орнына басын иығыма қойды. Осындайда үнсіздіктің жылдам бұзылмайтыны қандай жақсы. Біраздан кейін: «Сен бұл жерге неге келдің?» – деп сұрады.
Біріншіден, саған уәде бергем.
Менің сөзімді бөліп: «Екіншіден...», – деді.
Екіншіден, мұнда әкем келді. Мен де келдім.
Онда неге осы уақытқа дейін айтпадың?
Айтатын несі бар? Сен әке-шешеңе қатты бауыр басқансың. Мен барлық нәрсе жөнінде саған кереғар ойлайтынымды білесің ғой.
Мені онымен таныстыр, әлде ұяласың ба?
Неге ұяламын? Мен қаламаймын. Егер сен қаласаң, ертең таныстырайын.
Жүзін менің кеудеме жасырып: «Ертең болмайды», – деді.
Ертең неге болмайды?
Екі қолымен мойныма асылды. Мені сүйіп, жылады. Мен оның қолын мойнымнан алып, жүзін өзіме бұрып, қараңғыда көзіне тесіле қарап: «Жылама, Катюшка. Мен білемін. Бүгінгі сөзіңді түсіндім. Сенің әлемің осындай. Мен сені сүйемін. Сүйетінім сондай, сені сатып ала алмаймын. Асылы, екеуіміздің арамызда осы естелік қалсын. Бұл естелік жаман емес: адамды жұбатады; батылдық беріп, үміттендіреді. Ертең жаңа танысыңмен серуенге шығасың ба? Жақсы, біз кешке кездесейік», –дедім.
Мен ертең онымен оңаша қалады деп ойлама. Қасымда анам болады. Ертең кешке де «Ақ ат» қонақ үйінде ол бізді қонақ етеді. Кел, ертең сені онымен таныстырамын. Егер мені жақсы көрсең, ол туралы ойыңды айт».
Жарайды, Катюшка. Ертең әкеме барамын. Кешке «Ақ ат» қонақ үйінде кездесеміз.
Енді сөйлеспедік. Көңіліміздегіні бір-бірімізге аймаласып, сүйісіп білдірдік. Біртіндеп ай көрінді. Кеш болып кетті. Төмен түстік. Айдың нұрына масаттанған үйректер барқылдасып, бір-бірімен сырласып жатты. Олардың дауыстарын естіген біздің көңіліміз шаттанды.
Мен бөлмеме жеткенде сағат он бірді көрсетіп тұрды. Фридельді шақырдым. Шарап әкеліп берді. Біраздан кейін көршінің бөлмесінен граммофонның әуені естілді. Мен шарап ішіп, темек тартып, біраз отырдым.
Ертеңінде сағат тоғызда жатын бөлмемнен сыртқа шықтым. Алдымен холда біраз жүрдім. Фридель басына ақ орамал байлап, бөлмелерді жинап жүр екен. Катюшканың анасы және әлгі әйелмен бірге серуенге кеткенін айтты. Мен темір жолға бардым. Ол жерден әкемнің шабаданын алып, пәуескеге мініп, «Ақ ат» қонақ үйіне аттандым. Біздің қонақ үйден ол жерге дейін шамамен жарты сағат жол екен. Сағат он жарымда жеттім. Әкем болмады. Таңертең ерте шығып кеткенін айтты. Шабаданды қонақ үйдің иесіне аманатқа қалдырып, «Жасыл үй» мейманханасына күн батарда жеткенде Катюшка да жоқ екен. Тағы Фридель келді. Бұл жолы үстіне әдемі көйлек киіп алыпты. Ол маған: «Мырза, ханымдар келіп кетті», – деді.
Фридель, бүгін әдемі болып тұрсыз.
Иә, бүгін демалысым. Жігітіммен биге барамын.
Кешкі асымды ішіп, әкемнің қонақ үйіне жаяу тарттым. Ол жерге сағат тоғызда жеттім. Әкемнің бөлмесінің есігін қаққанда, төмендегі залда екенін айтты. Баспалдақтан төмен түстім. Есікті ашып, бас сұқтым. Катюшканың әкемнің жанында отырғанын көрдім. Даяшы шараптың босаған бөтелкелерін алып, орнына жаңаларын қойып жатты. Әкем сақалын тықырлап қырыпты. Катюшка үстіне көгілдір көйлек киіпті. Бұрынғыдан бетер сұлуланып кеткендей көрінді. Ол жерден тез шықтым. Катюшкаға хат жаздым да даяшыдан апарып беруді өтіндім:
«Катюшка, сүйіктім! Менен әкеммен таныстыруымды өтінген едің. Әкем – сенің сол жағыңда отырған адам. Таңдаған күйеуің туралы ойымды айтуымды сұрадың. Өте жақсы күйеу. Оның қасында бағың ашылады».
Қонақ үйдің иесіне: «Шабадан ана ханымның жанында отырған кісінікі», – дедім.

Бозорг АЛАВИ
Парсы тілінен аударған Айнаш ҚАСЫМ


Рекомендовать
Последние новости