Семейдегі облыстық жедел жәрдем ауруханасында пациенттерді қолдау қызметі ашылды

Ақтоты Жапатова 11 апр. 2025 10:44 412

Семейдегі облыстық жедел жәрдем ауруханасында пациенттерді қолдау қызметі ашылды. Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz

Былтыр жедел медициналық жәрдем ауруханасының қабылдау бөліміне 39 815 пациент келіп, олардың 15 442-сі ауруханаға жатқызылған. Емделушілердің 70 пайызы қабылдау бөлімі мен травматологиялық пунктке жиі жүгінеді. Осыған орай аурухана басшылығы пациенттерді қолдау қызметін төртінші қабаттан бірінші қабатқа көшірді. Енді науқастар еш кедергісіз орталық қызметіне жүгіне алады. Бұл шағымдар беру процесін жеңілдетіп, күту уақытын азайтуға және пациенттердің құқықтарын қорғауға жауапты мамандардың қолжетімділігін арттырады. Ашылу салтанатында сөз алған Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пациенттерді қолдау орталығы даулы жағдайларды жедел шешуге және дәрігерлермен өзара іс-қимыл жасауға көмектесетінін атап өтті.

«Президенттің тапсырмасы аясында Семей қаласында дәрігерлерді кәсіби сақтандыру жүйесін енгіздік. Сонымен қатар, пациенттердің мәселелері тез арада шешілсін деген ниетпен осындай орталықтарды ашып жатырмыз. Қазіргі таңда республика бойынша 6 мыңнан астам адам осы қызметте жұмыс атқаруда. Бұл орталық Абай облысының тұрғындарына септігін тигізеді деген сенімдемін»,- деді Денсаулық сақтау министрі.

Пациенттерді қолдау қызметінің негізгі міндеті - емделушілер мен олардың туыстарына ақпараттық және консультативтік көмек көрсету, шағымдар мен ұсыныстарды қабылдап, жедел қарастыру.

Орталықтың ашылу салтанатынан кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Абай облысының әкімі Берік Уәлимен бірге облыстық жедел жәрдем ауруханасының бөлімшелерін аралап, жұмысымен танысты. Мекемені аралау барысында министр аймақ басшысына жедел жәрдем ауруханасының мүмкіндігін кеңейту үшін Семей медицина университеті аумағында нейроинсульттық бөлімшесін ашу туралы ұсыныс айтты.

Аймақ басшысы облыстық жедел жәрдем ауруханасына әкімдік тарапынан тиісті қолдау болатынын атап өтті.

«Бұл мекеменің мәселелерімен жақсы таныспын. Ғимарат құрылысы әуелде дұрыс жоспарланбаған. Дренаж жүйесі де дұрыс жобаланбаған. Жерасты суының көтерілуіне байланысты аурухананың жертөлесіне су жайылған. Бұл мәселені шешу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта жедел жәрдем ауруханасының корпустарының шатыры мен қасбеттеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұған облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары жеке бақылауымда болады», - деді облыс әкімі.

Рекомендовать
Последние новости