Семейде шырша безендіру кезінде биіктен құлаған мұғалімнің ісіне қатысты тексеріс аяқталды. Еңбек инспекциясы жұмыс берушінің кінәсін толық дәлелдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Енді жұмыс беруші зардап шеккен педагогтың ем-дом кезеңіндегі жалақысын толық төлеуге және емге жұмсаған шығындарын өтеуге міндеттелді. Іс материалдары полицияға жолданып, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша жауапқа тарту шаралары қолға алынды”, - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін ауыр жарақат алған мұғалімнің әйелі биліктен өтемақы талап еткен еді. Мұғалімнің жары Сымбат Аянқызы КТК телеарнасына науқастың әлі жарты жыл ем алуы қажет екенін жеткізді.
Оның айтуынша, 23 жастағы мұғалім Қуат Айтқали өздігінен жүріп-тұра алмайды. Сондықтан оны күтіп, қарау үшін де бір адам қасында отыруы қажет.
“Дәрігерлер оның миына құйылған қанды тоқтатып, сынған бас сүйегінің жартысын алып тастаған. Енді екі айдан кейін оның орнына пластмасса салу үшін қайта ота жасалады.
Жәбірленушінің әйелі ұстаздарға шаһар басшысының орынбасары мен білім бөлімінің басшылары шыршаның басына шығуға бұйрық бергенін айтады. Семейдегі бас шыршаны безендіруге барлығы он мектептің мұғалімдері жұмылдырылған екен”, — дейді КТК телеарнасы.
Мұғалімнің әйелі қағаз жүзінде болмаса да, бұйрық ауызша берілгені анық деп отыр. Енді тергеу аяқталған соң адвокат жалдап, өтемақы талап ету үшін сотқа жүгінбек.
“Біз барлығын заң жүзінде істеп жатырмыз. Қазір 362-баптың төртінші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр. Барлығынан сұрақ алынып жатыр. Енді алдағы уақытта сот әділ өтеді деген шешімдеміз. Тергеу қалай бітеді, кімді кінәлі қылады, біз соларға арыз жазып, бәрін сотпен шешеміз”, – дейді Сымбат Аянқызы.
Айта кетейік, 9 қаңтарда ауыр жарақат алған семейлік мұғалім Қуат Айтқалиевтың ауруханадан шыққаны туралы жазған едік.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың айтуынша, қазіргі уақытта мұғалімге өтемақы төлеу мәселесі қарастырылып жатыр.