Сарапшылар Қазақстанда Қытай ақшасы юаньға деген сұраныс күрт артқанын айтады. Өткен жылдың бойында тек бір айда ғана сұраныс болмаған, ал қалған кездері көпшілік юаньды жақсы пайдаланған. Осыны цифрмен екшеп көрсеткен Finprom.kz сарапшылары өз қорытындыларында мұның салдарына да тоқталады, деп жазады Dalanews.kz.
Еліміздегі ақша айырбастау орындарындағы Қытай юанының таза сауда-саттық көлемі 2024 жылғы қарашада 124 млн теңгені құрап, өткен аймен салыстырғанда 19,4%-ға аз, ал 2023 жылғы қарашадан екі есе аз болды. Мұны Finprom.kz сарапшылары баса атап көрсетеді. Сарапшылардың мәліметтері бойынша, 2024 жылы қытай валютасының "таза" сатылымының ең үлкен айлық көлемі маусым айында (276,1 млн теңге), ал ең азы шілдеде (5,1 млн теңге) тіркелген. 2024 жылы юаньның таза сатылымы бойынша теріс көрсеткіш тек сәуір айында ғана байқалды: - 31,1 млн теңге.
2024 жылдың қаңтар–қараша айларында Қытай юаньдарының таза сатылым көлемі 1,3 млрд теңгеден асып, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 39,6%-ға артқан. Айта кету керек, ай сайынғы ауытқуларға қарамастан, тұтастай алғанда, Қазақстан халқының юаньға деген сұранысы үшінші жыл қатарынан өсіп келеді. Қытайлық юань Қазақстанның 20 өңірінің 17-сінде жақсы сатылған. Ең жоғары көрсеткіштер Алматы (547,4 млн тг) мен Астанада (400,3 млн тг). Қарағанды облысында да айтарлықтай көлем сатылған: 126,9 млн теңгенің.
Юаньның таза сатылымының теріс көлемі Жетісу облысында (- 6,3 млн теңге), Шымкентте (- 5,8 млн теңге) және Түркістан облысында (- 400 мың теңге) тіркелді.
Юаньның ресми айырбас бағамы 2024 жылғы желтоқсанда орташа есеппен 71,38 теңгені құрады, бұл - ең жоғары мәндердің бірі, тек 2022 жылғы наурыздағы көрсеткіштен кейін, ол кезде аспан асты елі ақшасының құны орташа есеппен 78,44 теңгеге жетті.
Алдыңғы аймен салыстырғанда юань бағамы 3,9%-ға, ал 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 11,4%-ға өсті. 2024 жылдың VI тоқсанында юанның орташа бағамы 69,55 теңгені құрап, осы тоқсан ішінде 4,4%-ға өсті. Ең төменгі бағам юань үшін 61,82 теңге, ол ІІ тоқсанда тіркелді. Ол 2024 жылдың қорытындысы бойынша бір жылдағы орташа бағамның 65,25 теңге болып қалыптасуына ықпал етті, ал 2023 жылмен салыстырғанда 1,3%-ға жоғары, бірақ 2021 және 2022 жылдармен салыстырғанда төмен.
Айта кетейік, юань бағамының өсуі 2025 жылы да жалғасын тапты: жыл басынан бері көрсеткіш ағымдағы жылдың 14 қаңтарында 71,94 теңгеден 72,08 теңгеге дейін өсті.
"Бұл өткен жылы үлкен сұранысқа ие болған Қытай автомобильдері, сондай-ақ бастапқы бағалары юаньмен белгіленетін қытайлық маркетплейстердегі тауарлардың құнына әсер етуі мүмкін (қымбаттау тұрғысында). Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда онлайн-сауда көлемі төрт жылда бес есеге өсіп, 2024 жылы 3 трлн теңгеге жетті, ал 2029 жылға қарай ол 9 трлн теңгеден асады деп болжануда. Сонымен қатар, қытайлық маркетплейстер ҚР-да тек жеке тұлғалар арасында ғана емес, сонымен бірге кейіннен тауарын отандық онлайн алаңдарда сататын "көтерме саудамен" айналысатындар ішінде де кеңінен танымал", - дейді Finprom.kz сарапшылары.
2024 жылы 9 желтоқсанда сайтымызда "Бір айда отандық банктер арасында юань саудасының көлемі 133 есеге өскен" деген мақала жарияланды. Онда биржадан тыс нарықта резидент банктер арасында Қытай валютасымен сауда-саттықтың қалыптан тыс жоғары көлемі жыл басынан бері үшінші рет тіркеліп отырғаны айтылады.