Сегізінші сынып оқушысын сабап тастаған экс-әкім жазадан жеңіл құтылуы мүмкін

Dalanews 15 мая 2018 06:03 1116

Ақмола облысында Қорғалжын ауданының соты экс-әкім Жанат Омаровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатып, істі әкімшілікке ауыстырыпты. Ендігі сегізінші сынып оқушысын сабап тастаған әкім жазадан оңай құтылып кетуі ықтимал.



Ал істің осылай жұмсаруына сот сараптамасы себеп болған көрінеді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алайда бұрынғы әкімнен таяқ жедім деген Диас Мұқанның анасы баласының жеңіл жарақат алғаны туралы сараптама қорытындысына сене алар емес. Дәл осы себепті қайтадан сараптама тағайындатып, әкімді жазаламақ ниетте.

14 жастағы Диас Мұқанның ата-анасының сөзінше, экс-әкім анасы мен аудан депутаттарын араға салып, жәбірленушілерді кешірім беруге мәжбүрлеп жүрген көрінеді.

«Олар менің баламды ойламайды. Кешіріммен келді. Алайда баламды емдету, сол арқылы көмек беру туралы ойламады. Ойлап отырғандары – тек Жанат Омаровтың жағдайы. Соққы салдарынан балам кеміс болып қалса не істер еді?» – дейді Диастың әкесі Төлеген Күлпейісов.

Ал аудандық судьяның сөзінше, бұл іске қатысты сараптама тағайындалып, оның қорытындысы шыққандықтан, Жанат Омаровты қылмыстық жауапқа таруға айтарлықтай себеп жоқ. Сараптама қорытындысы бойынша, Диастың алған жарақаты жеңіл. Істің әкімшілікке ауыстырылуына дәл осы сараптама қорытындысы себеп болыпты.
«Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шықты. Онда жасөспірімнің денсаулығына жеңіл жарақат келтірілгені көрсетілген. Сондықтан Омаровты қылмыстық жауапкершілікке тартуға негіз жоқ», – дейді Қорғалжын ауданы сотының төрағасы Данияр Темірханов.

Алайда Диастың ата-анасы сараптама қорытындысымен келіспей отыр. Олардың сөзінше, ұлдары айға жуық уақыт емделсе де, әлі де толық сауықпапты. Сондай-ақ, соққы салдарынан үнемі басы ауыратын көрінеді. Осы себепті олар істің тоқтатылғанына қарсы. Олар экс-әкімді жазаға тарту үшін, қайтадан сараптама тағайындауға өтініш білдірген.

Диастың ата-анасының әрекетін судья қолдап, екінші рет сараптама тағайындаған. Қайтадан тағайындалған саратама бір айға жуық жасалуы мүмкін.

Қазіргі уақытта Диас Мұқан интернатқа қайта оралған. Алайда көп сабақты жіберіп алғандықтан, үлгеріміне әсерін тигізбей қоймапты.

Екінші қайтара тағайындалған сараптама нәтижесі өзгермесе, бұрынғы әкімге қатысты 35 мың теңге айыппұл немесе 15 тәулікке қамау түріндегі әкімшілік жаза тағайындалуы мүмкін. Ал сараптама қорытындысы Диастың денсаулығына айтарлықтай зақым келгенін растаса, Жанат Омаров екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал.

Естеріңізге сала кетсек, Ақмола облысында 8-сынып оқушысын соққыға жыққан Қорғалжын ауылдық округінің әкімі Жанат Омаровтың үстінен іс қозғалған еді. Ол Төлеубаев атындағы орта мектептің оқушысы Диас Мұқанды соққыға жығып, денсаулығына зиян келтірген.

Рекомендовать
Последние новости