Сайрам ауданында 103 шағын мал бордақылау алаңы ашылған

Dalanews 23 янв. 2018 11:00 1158

«Еңбексіз береке жоқ, еңбекте мереке көп». Бүгінде Сайрам ауданының еңбеккерлері берекеден де, мерекеден де кенде емес. Өйткені, адал еңбек етіп, жетістіктерге жетіп жатқан жағдайы бар. Аудан халқы негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Жер жыртып егін егеді, қорада мал байлайды. Шаруашылықтарын дамыту мақсатында микро қаржы ұйымдарынан төмендетілген пайызбен несие алып жатқандардың да дені Сайрам ауданының тұрғындары.

Тынымсыз еңбектің нәтижесі болса керек, 2017 жылы ауданның ауылшаруашылығы саласында 58,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Өсім 103,6 пайызды құрап, облыс бойынша 3 орынға тұрақтады.

Атап айтар болсақ, бір жылдың көлемінде  26,7 мың тонна ет, 119,3 мың тонна сүт, 15,9 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Жылыжай шаруашылығында да алға жылжу бар. Мәселен, өткен жылы 8,0 га жерге жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 27,35 гектарға ұлғайтылды. 103 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау орындары, 41 жанұялық сүт аулалары ашылды. 2017 жылдың 26 қазаны күні облыста ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «AGROFEST-2017» мерекесі өткізіліп, жыл қортындысымен аудан еңбеккерлері облыста сүт өндіруден  I орын,  көкөніс өндіруден II орын және ет, мақсары өндіру мен тамшылатып суғару әдісін ендіруден III орындарды иеленіп, марапатталды.

«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда». Ынта болса алға қойған мақсаттар мен міндеттердің орындалары хақ. Осы орайда, ауылшаруашылық және басқа да салаларды мейлінше жүзеге асыру үшін даму бағдарламасы дайындалған. Аталған құжатқа сәйкес, 2020 жылға дейін ауылшаруашылық өнімінің көлемін 64 млрд. теңгеге, тамшылатып суғару әдісін 913 гектарға, жылыжай көлемін 60 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, 2018 жылғы межеге сәйкес, ауыл шаруашылық өнім көлемін 59,5 млрд. теңгеге жеткізу көделген.

Елбасының «100 нақты қадам - Ұлт жоспарындағы» 60-61 қадамында ет және сүт өнімдерін өндіру, оларды жаңа технологиялар негізінде қайта өңдеу көлемін арттыру айтылған. Ал, 2021 жылға қарай аудандағы қайта өңдеу кәсіпорындары өндірілген өнімдердің  өңдеу үлесін, мәселен, ет өңдеуді  21 пайызға, сүт өңдеуді 23 пайызға, көкөніс-жеміс өңдеуді  46 пайызға  жеткізу жоспарлап отыр.

Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости