Сайлау әділ өтсе, "Адал" екінші орын алар еді - сайлау комиссиясының мүшесі

Dalanews 15 янв. 2021 08:30 868

Алматыда 551 сайлау учаскесінде комиссия мүшесі болған Зәуреш Мұсабекова "Ақжол" мен "Халық" партиясының алға озып, "Адалдың" артта қалғанына аң-таң хабарлайды Dalanews.kz. Редакциямызға хабарласқан ол комиссия мүшесі болған сайлау учаскесінде "адалдықтардың" билік партиясымен құйрық тістесіп келгенін айтып берді. 




Мен Алматыда 551 сайлау учаскесінде, ЖСДП партиясының атынан комиссия мүшесі болдым. Басқа сайлау учаскелері үшін ешнәрсе айта алмаймын. Ал өзім комиссия мүшесі болған сайлау учаскесіндегі жағдайдың нәтижесі басқаша болған еді.

10 қаңтар таңғы 5:15 те учаскеге кіргеннен кешкі тоғыздан аса бір-ақ шықтық. Бізде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ. Әрбір сайлаушы өз бетінше өзіне тиісті екі бюллеттеннен алды. Ешкімге ешкім үгіт нәсихат жүргізген жоқ. Сайлаушыларға тек қана түсіндіру жұмысын жасадық. Екі бюллеттеннің бірі Парламенттің, екіншісі Мәжіліс депутаттары екенін айттық.

«Бес партия бар, соның біреуін ғана таңдайсыздар!» дедік. Бақылаушылар да отырды. Ешқандай заң бұзушылық, у-шу болған жоқ.

Сөздің қысқасы, сайлау біткен соң, дауыстарды санадық.

Бірінші болып «Нұр Отан» 171 дауыс жинады. Екінші «Адал» 167 дауыс жинап, «Нұр Отаннан» 4 дауыс қана қалып қойды.


Сайлаудан кейін де таныстарым мен көршілерімнен сұрадым, көпшілігі «Адалға» дауыс берген. Жұрттың бәрі болашағымыз дұрыс болса екен, бала-шағамыздың өмірі жарқын болса екен деген мақсатпен «Адалға» дауыс беріпті. Бірақ кейіннен «Адалдың» көш соңында қалғанын естігенде, төбемізден жай түскендей күй кештік.

Егер сайлау әділ өткенде, «Адал» екінші болмаса да, үшінші орын алар еді. Бұл менің өз ойым. Комиссия мүшесі ретінде өз көзіммен көрген ақиқатым осы.   

ЖСДП партиясының атынан Түрксіб ауданына 14 адам комиссия мүшесі ретінде бөлінген. Бірақ соның тең жартысы, яғни жеті адам «өтпей» қалды. Екі түрлі сертификат өткізуі керек екен. Кейбіреулері екеуін де толық өткізген. Соның өзінде аяқтан шалды. Бір адамымызға қосымшща табысын көрсетпеген деген сылтаумен комиссия құрамынан шеттетілді.

Комиссия мүшесі ретінде төленетін 120 мың теңгені көп көрді ме, әлде басқа себеп бар ма? Қандай себеппен өтпей қалды, неге аяқ астынан комиссия құрамына біздің адамдарды өткізбей қойды? Ол жағы түсініксіз бізге.

Бұлар мен білетін жеті адам ғана. Ал бүкіл Қазақстан бойынша қанша мың сайлау учаскелері болды? Олардағы шынайы жағдай қалай болды? Ол жағы да белгісіз. Белгілісі халықтың көпшілігі «Адалға» дауыс беріп еді...   

Зәуреш Мұсабекова,


Сайлау комиссиясының мүшесі


Рекомендовать
Последние новости