"Саяси астары бар". Депутаттар Назарбаев пен Путиннің кездесуі туралы не ойлайды?

Көркем Алдабергенова 18 дек. 2024 15:27 857

Бірнеше депутат Назарбаев пен Путиннің кездесуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп. 

Мәжілісмен Ермұрат Бапи бұл оқиғаны жақсылықтың белгісі емес деп санайды. Бұл кездесуге қатысты өз ойын оның әріптесі Айдос Сарым да айтты.

Ермұрат Бапидің пікірінше, бұл кездесудің саяси астары бар.

"Мен ол жерде болған жоқпын. Бірақ меніңше, ол (Назарбаев - ред.) қандай да бір кепілдікке мұқтаж болды. Назарбаев отставкаға кетер алдында бірінші кезекте Ресей президентімен кеңескен деп ойлаймын. Ол кепілдік алды, онсыз мұндай шешім қабылдамас еді. Ал қазір, мүмкін сол кепілдікті "жаңарту" үшін барды. Ол әлі де қоғамда өз маңыздылығын жоғалтпадым деп ойлайды", - деді депутат мәжіліс кулуарында.

Кейбір саясаттанушылар Путин бұл кездесу арқылы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қандай да бір белгі беріп, ескерту жасауда деп санайды. Ермұрат Бапи бұл нұсқаны қисынды деп есептейді.

"Сіздер байқадыңыздар ма, Тәуелсіздік күнімен ТМД елдерінің көбі, көптеген шет елдер құттықтады. Ақорда сайтына кіріңіздер, Путиннің құттықтауы жоқ. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мен қатты алаңдаймын. Ол біздің тәуелсіздігімізді мойындағысы келмей ме? Өткен аптада ғана Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Медведев тағы қандай да бір елдерді одаққа қосу мүмкіндігі туралы айтқан болатын. Осы тұрғыда ол белгі бергендей. Ал бір аптадан кейін Қазақстан үшін ұлы күн - Тәуелсіздік күні өтті, бірақ Путиннен құттықтау жоқ. Мұндай жағдайлардан әртүрлі қорытынды шығаруға болады", - деп болжайды ол.

Сонымен қатар, Ермұрат Бапи бұл кездесу екінші Қаңтардың белгісі болуы мүмкін деген пікірмен келіспейді.

"Мұны ұйымдастыруға ешкімнің күші жетпейді, тіпті Путинді Құдай деп санасақ та. Қаңтар оқиғасы - бұл халықтық наразылық, халықтың еркін білдіруі. Путин тұтас қоғамның наразылығын қайта жандандыра алмайды, ол сиқыршы емес қой. Бұл жерде басқа мәселелер бар. Саясаттанушылардың бұл кездесуді талқылауы - қоғамды қайта толқытатын саяси технология. Ескі Қазақстанда бәрі жақсы болды деп еске салу әрекеті", - деп атап өтті Ермұрат Бапи.

Ал басқа депутат Айдос Сарым бұл кездесуден қауіптенудің қажеті жоқ деп есептейді.

"Ол экс-президент, ешқандай мемлекеттік қызмет атқармайды. Бұл оның жеке сапары. Путинмен ұзақ жылдар бойы жұмыс істегендіктен, оны қабылдаған шығар. Мен мұны белгі деп санамаймын. Өздеріңіз көрдіңіздер, (Қазақстанға сапарынан кейін - ред.) Путин: “Кез келген адам Қазақстанға қатысты қандай да бір арандатушылыққа жол берсе, ол Ресейдің жауы” деді. Бұл дерлік цитата. Мұндай мәлімдемелерден кейін арнайы бірдеңе жасалмайды", - деп сенім білдірді Айдос Сарым.

Оның айтуынша, "Нұрсұлтан Назарбаевқа қалай қарасақ та, оның ТМД елдерінің қазіргі және бұрынғы басшылары арасында өз орны, құрметі және беделі бар".

"Олар ұзақ жолды бірге жүріп өткендіктен, оған құрмет бар шығар, ол соны пайдаланған болар. Ал қандай мәселелер талқыланғанын білмейміз, бұл протоколдан тыс болған. Оның артында ешқандай мемлекеттік міндеттер тұрған жоқ. Біз Путинге біреумен кездесуге тыйым сала алмаймыз, бұл оның құқығы. Болжам жасап, артық әңгіме айтудың қажеті жоқ", - деді Айдос Сарым.

Ермұрат Бапимен келісе отырып, ол да бұл кездесуді Қаңтар оқиғасының қайталануының белгісі деп санамайды. Себебі қазақстандықтар "мұндай сілкіністерден жеткілікті иммунитет алды" және оны қайталауды қаламайды. Бұл, оның пікірінше, Тәуелсіздік күні мен қоғамның "бот-фермалар мен түрлі арандатушылықтарға" реакциясы арқылы айқын көрінді.

Айта кетейік, 14 желтоқсанда Ресей президенті Владимир Путин өзінің Ново-Огарёво резиденциясында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қабылдады. Алайда кездесу туралы ешқандай толық ақпарат жоқ.


Рекомендовать
Последние новости