Прокуратура Шерзат ісіне қатысты мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 13 дек. 2024 10:21 1871

Алматы облысының прокуратурасы Шерзат Болатты өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеудің аяқталуға жақын екенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, барлық күдіктілер ұсталды.Сараптама нәтижелері күтілуде. Сараптама қорытындысынан кейін іс процестің қатысушыларына танысу үшін беріледі.

Сонымен қатар, Қаржаубай Нұрымовтың үйін өртеу және Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істердің тергелуі Бас прокуратураның бақылауында.

"Қоғамды жалған ақпарат таратудан бас тартуға шақырамыз. Уәкілетті органдардың тек ресми мәлімдемелеріне сенім білдіруді сұраймыз", дейді прокурорлар. 

Еске салайық,бүгінде марқұм Шерзаттың үйін өртеген күдіктілер әлі табылмады. Бұл туралы Шерзат Болаттың отбасының адвокаты Саида Тәукелева айтты. 

“Біз облыс прокурорымен кездестік, ол тергеу барысы жайлы толық ақпарат берді. Оның айтуынша, іс аяқталуға жақын, себебі қажетті сараптамалар мен процедуралар орындалған. Дегенмен әзірге күдіктілер анықталған жоқ. Тергеу барысында үлкен жұмыс атқарылғанын айтты, бірақ нәтиже жоқ,” – деді адвокат.

Бұған дейін Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.

Полиция мәліметінше. 10 желтоқсанда Нұрымов бұзақылық және көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау фактісі бойынша ұсталды. Ол қоғамдық орында және полиция қызметкерлеріне қарсы дөрекі сөз сөйледі, оларды пышақпен қорқытты, сонымен қатар басқа біреудің мүлкіне қасақана зақым келтірді, атап айтқанда, көлікті пышақпен сырып, дөңгелекті тесіп тастаған.

11 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі қамауға алынғаны белгілі болды.

Ресми дерек бойынша, ол қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Одан бөлек, Шерзаттың тағы бірнеше туысы қамауға алынды. Оның ішінде: 

Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша Салтанат Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Бақыт Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді.

Сонымен қатар,Шерзаттың отбасын қолдауға арналған әлеуметтік желідегі парақшада Қаржаубай Нұрымовтың күйеубаласы Айғазы 15 тәулікке қамауға алынғаны жазылған. 

Рекомендовать
Последние новости