“ҚазМұнайГаз” бен “Бәйтерекке” қатысты тексеріс қашан аяқталады?

Көркем Алдабергенова 11 дек. 2024 16:32 987

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов “ҚазМұнайГаз” және “Бәйтерек” ұлттық компанияларында бұрын жарияланған аудиттік тексерулердің нәтижелері қашан белгілі болатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Оның айтуынша, тексерулер әлі аяқталған жоқ, жұмыс жалғасуда.

“Қазіргі уақытта қандай да бір нәтижелер туралы айту ерте. Бұл жұмыс әлі жүріп жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, шамамен 2025 жылдың наурыз айының соңына қарай, бізде “Самұрық-Қазынадағы” тиімділік аудиті мен “Бәйтерек” компаниясы және оған қарасты ұйымдардағы қарызды басқару аудитінің нәтижелері болады”, – деді Смайылов Мәжіліс кулуарында.

Ол Жоғары аудиторлық палата аудит нәтижелерін жұртшылыққа жариялайтынын уәде етті.

Еске салайық, бүгін Мәжіліс депутаттары алдына шыққан Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов осылай дей келе, көптің жүрегін ауыртатын - ауыл, онда да ауылшаруашылығы саласындағы түйіткілді мәселелерге, әсіресе субсидия жайына ерекше тоқталды. 

Ауыл шаруашылығының экономикалық маңыздылығы жоғары бола тұра, өкінішке қарай, еліміздің жалпы ішкі өніміне қосатын үлесі аз, нақтырақ айтсақ, орта есеппен 5%-ға жуық. Смайылов ауылшаруашылығы саласының кегежесін керіге тартып жатқан басты бес себепті атады:

  1. өнімділіктің төмен болуы,
  2. суармалы жер көлемін ұлғайту қарқынының баяулығы,
  3. суды тиімсіз пайдалану,
  4. көлік-логистикалық инфрақұрылымның әлсіз дамуы,
  5. материалдық-техникалық жарақтандырудың жеткіліксіздігі және басқалар.

Осы проблемаларды шешуде, Үкімет субсидиялау үлкен рөл атқаруы тиіс деп санайды. Ал шынтуайтында, бұл құрал өзіндік мақсатын тиімді атқара алып отыр ма? Міне, осындай сипаттағы Мәжілістің тапсырмасына сәйкес, Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізген болып шықты. 


Рекомендовать
Последние новости