Сауда-саттықты дамыту – экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолы

Қуаныш Ермекова 13 июн. 2024 13:07 4313

Әлем елдерімен сауда-экономикалық байланысты дамыту перспективаларының берері мол. Қазақстан қашан да сыртқы саясатта сауда қарым-қатынасын дамытуға оң көзқарас танытады. Экономиканы ынталандыру, экономикалық өсімге қол жеткізу, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны тежеу үшін сауда-саттықты дамыту басым бағыттардың біріне жататыны түсінікті. Өйткені сауда – қай елдің болмасын экономикасындағы маңызды бөлік.

Қазақстан тарихына көз салсақ, еліміз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. Бұл дегеніміз бірнеше ғасырлар бұрын алғашқы сауда байланысы қазақ топырағы арқылы өркендегенін білдіреді. Шығыс пен батысты байланыстырған осынау керуен жолы бүгінгі Қазақстанның сауда-саттық саласындағы дипломатиялық қарым-қатынасты жоғары деңгейде атқара алатынына дәлел болып отыр. Сауда-саттықтан түскен пайданың өз кезегінде жалпы ішкі өнім көлемінде де айтарлықтай үлеске ие болатыны сөзсіз. Оның үстіне нарықтық экономика тұсында сауда-саттық байланыстар бүкіл салаға өзіндік әсерін тигізеді. Ал мемлекеттің сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуда алдағы жылдарға нақты жоспарлары болуы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, экономикалық тұрақтылықты бекіте түседі.

Бүгінде еліміз әлем елдерімен сауда-саттық байланысты, тауар айналымы көлемін арттырып келе жатыр. Мәселен, Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан арасында ауқымды жобалар қолға алынған. Соның ішінде биылдан бастап «Орталық Азия – Цзянсу» атты орталық құру жоспары бекітілген болатын.

Бұл ретте Қытай-Қазақстан компаниялары өзара екіжақты құжаттарға қол қойды. Келешекте Қытайда салынған сауда орталығында қазақстандық өнімдер сатылымға қойылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен арадағы сауда айналымын 100 миллиард долларға дейін жеткізу керек екенін де айтқан болатын. Ал жоғарыда аталған жобалар екі ел арасындағы сауда һәм экономикалық байланыстың дамуына жол ашары сөзсіз.

Одан бөлек елімізде Біріккен Араб Әмірлектерімен де сауда ынтымақтастығын дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Өйткені кейінгі жылдары екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арқасында тауар айналымында айтарлықтай өсім байқалады. 2024 жылдың алғашқы айларында бұл көрсеткіш 71 миллион долларға жуықтаған, былтырмен салыстырған өсім 60 пайыздан асады.

Сонымен қатар, әлемдік алпауыт мемлекеттер, оның ішінде АҚШ-пен де сауда байланыстары жолға қойылған. АҚШ Қазақстан экономикасында сауда жағынан да, инвестиция жағынан да маңызды серіктестердің қатарына жатады, сондай-ақ, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөнінде одақтастардың ондығына кіреді. Екі ел арасында екіжақты тауар айналымы да жоғары көрсеткішке ие болып отыр.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері мен Шығанақ елдерінің Қазақстанмен сауда байланысын дамытудағы әлеуеті зор екенін айтқан болатын. Бұл мақсатта өзара сауда номенклатурасын арттыру маңызды екенін мәлімдеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Шығанақ елдерінен 4 миллиард долларға жуық инвестиция тартылған. Қазақстан әлем елдері үшін сауда алаңдарын құру, шетелдік капиталды тарту бойынша қолайлы жағдай жасап келеді. Одан бөлек жуырда Корея Президентінің Қазақстанға сапары аясында да екі ел арасындағы сауда ынтымақтастығын кеңейтуге көңіл бөлінетіні айтылды.

Еліміз Еуропа елдерімен де тиімді жобаларды жүзеге асырып келе жатыр. Соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса көңіл бөлінеді. Мәселен, Германиямен арадағы сауда-саттық қарқынды өсіп келеді. Сондай-ақ, сауда байланыстары жөнінде сөз қозғағанда Ауғанстанға да ерекше тоқталуға болады. Былтыр Ауғанстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының деңгейі 1 миллиард долларға жеткен еді. Ауғанстан халқының саны 40 миллион адамға жететінін ескерсек, бұл елмен Қазақстанның сауда-экономикалық байланысты дамытуының маңызы зор. Одан өзге Ауғанстан Пәкістан, Үндістан, Таяу Шығыс елдерінің нарықтарына шығуға бірден-бір жол екені анық.

Кейінгі жылдары Вьетнаммен арада да сауда-саттық бойынша кіл өсім байқалады. Былтыр тауар айналымы 90 пайызға жуықтаған. Ал болашақта 35-ке тарта тауар түрі бойынша қазақстандық өнімді Вьетнамға экспорттау жоспарланып отыр. Оған мұнай және химия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау сияқты салалардың тауарлары жатады. Ал ең бастысы еліміз бұл елдің нарығына астық, бидай, макарон сияқты ұн өнімдерін, ет өнімдерін, сүт өнімдерін, жалпы сапалы ауыл шаруашылығы тауарларын тасымалдауды көздеп отыр.

Осылайша, бүгінде Қазақстан әлем елдерімен жан-жақты сауда ынтымақтастығын дамытып келе жатқанын анық байқауға болады. Ал бұл өз кезегінде ел экономикасына тың серпін, өсім әкеліп отыр.

 


Рекомендовать
Последние новости