Си Цзиньпин Қазақстанның орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады

Көркем Алдабергенова 04 июл. 2024 09:11 3781

Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады.Бұл туралы көрші ел жетекшісі екі елдің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізу барысында айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Естеріңізге сала кетсек, шілденің 2 күні Қазақстанға мемлекеттік сапармен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, осы мемлекеттік сапары арқылы Си Цзиньпин Қазақстанның абыройын жоғары деңгейге көтеріп отыр.  

«Си Цзиньпинің  мемлекет жетекшісі ретінде алдына қойған үлкен мақсаттарының арасында Қазақстанмен жүргізілетін саясатқа ерекше мән беріліп отыр. Жалпы Орта Азия мемлекеттеріне деген көңілі бір бөлек, Қазақстанға деген көңілі бір бөлек. Сол себептен арнайы  мемлекеттік сапармен келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымын саммитіне қатысып, осы арқылы Қазақстанның абыройын көтеріп, Қазақстанмен қарым-қатынасы ерекше екенін көрсетіп отыр. Бір жағынан мұны өз халқына көрсетіп отыр, екінші жағынан күллі дүниежүзіне. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы осындай деңгейде екенін, стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде екенін көрсетіп тұр. Ол Ресейге де бір жағынан белгі беріп тұр, «қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деген қазақтың мақалындай. Екінші жағынан, жалпы екі басшылар арасында, яғни біздің Қасым-Жомарт Тоқаевпен  Си Цзиньпиннің арасында ерекше, жоғары деңгейдегі қарым-қатынасы, бір-біріне деген сый-сияпатын көрсетіп тұр, саяси тұлға ретінде бір-бірін жақсы қабылдайды. Бір жағынан бұл әріптестік, мысалы Америкамен бір бәсекелестікке түседі, сауда соғысы жағдайында емес. Қазақстанмен жақсы сауда қатынас жүргізетін, сондай үлкен тұлға болып көрінеді. Сондай қарым-қатынасты біздің Қасым-Жомарт Тоқаев  бірнеше адаммен ұстанады, айтып кетсем бұл осы Си Цзиньпин және Түркия жетекшісі Реджеп Эрдоған. Олардың Қазақстанға деген көзқарасы дұрыс, Қазақстанға деген көңіл күйлері де дұрыс. Басқа жетекшілермен де біздің президенттің қарым-қатынасы жаман емес,әрине, бірақ осы екі елдің басшыларымен ерекше бір деңгейде.

Бір жағынан бұл Қытайдың өзінің алдына қойған саясатына, алдына қойған мақсаттарында Қазақстанның орны ерекше екенін көрсетіп тұр, екіншіден, жалпы Си Цзиньпин өзінің жеке тұлға ретінде Қазақстанға талабы дұрыс. Мен ойлаймын олар барлық деңгейде бір бірін қолдайды»,- дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.  

Мемлекеттік сапармен келген Си Цзиньпинді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әуежайында қарсы алды. Мәртебелі қонақты салтанатпен қарсы алу үшін әуежайда Құрмет қарауылы ротасы сап түзеп тұрды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Қытай халықтарының шынайы достығының белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Балалар Төраға Си Цзиньпин бастаған ҚХР делегациясына ілтипат білдіріп, қытай тілінде ән шырқады.

«Сіздің сапарыңыздың мән-мағынасы өте зор, ерекше деп айтуға болады. Қытай Халық Республикасы – тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі. Берік достыққа және өзара қолдауға негізделген қазақ-қытай қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мен мұны үлкен қуанышпен атап өтемін. Сіз Қазақстан мен Қытайдың мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға зор үлес қостыңыз. Мұны жоғары бағалаймыз. Екі елдің ынтымақтастығын халықтарымыздың игілігі үшін жаңа деңгейге көтеру қажет деген бастамаңызды толық қолдаймын. Бүгінгі басқосуымызды осының айқын дәлелі деуге болады», – деді Қазақстан президенті.

Си Цзиньпиннің Ақорда резиденциясына келген сәті. Сурет: Президенттің баспасөз қызметті

Өз кезегінде Си Цзиньпин қазақ жерінде құрмет көрсеткені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

«Құрметті Президент мырза, қымбатты досым! Менің сапарыма мән беріп отырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Сіз Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен сәттен бастап реформалар мен елдің дамуын белсенді әрі мақсатты түрде ілгерілетіп келесіз. Ішкі және сыртқы саясатта тиімді шаралардың тұтас топтамасын қабылдадыңыз. Соның нәтижесінде еліңіздің жалпы қуаты мен халықаралық беделі айтарлықтай артты. Тату көрші ретінде біз бұл жетістіктерге шын жүректен қуанамыз. Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін», – деді ҚХР Төрағасы.

Екі елдің қарым-қатынасын бақылап отырған сарапшылар осы екі мемлекет өзге елдерге үлгі болып отыр.

«Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатияда тәжірибесі мол. Экономикалық және саяси жүйесі әртүрлі елдер арасындағы бейбітшілік формуласын табуға тырысып жатқан қазіргі саяси және геосаяси жағдайда Қазақстанның бастамалары үлкен қызығушылық тудырады. Басқа елдер үшін өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі бола алатын Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар ерекше маңызды. Қазақстан Қытай тарапынан да қызығушылық тудырып отырған «Бір белдеу, бір жол» жобасына белсенді түрде қатысуда. Қытаймен достық және өзара тиімді қарым-қатынастар бейбіт қатар өмір сүрудің үлгісі болып табылады»,- дейді қырғызстандық саясаттанушы Бақыт Бекетаев.

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті қарсаңында келді. Бұл күндері Қытай жетекшісі өзге де елдердің жетекшілерімен кездеседі, екі жақты келіссөз жүргізеді.

Сурет: Ақорда 

Бүгінгі таңда Шанхай ынтымақтастық ұйымына ресми түрде 9 ел мүше, олар: Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Алайда, биыл ұйымның елордада өтетін саммитінде Беларусь ШЫҰ-ның толыққанды мүшесі болады. Осылайша, мүше мемлекеттердің саны онға жетеді.

«Дүниежүзінде бірнеше дағдарыс болып жатыр.Біріншіден, демократияның дағдарысы дүниежүзінде. Демократиялық елдердің дағдарысы болып жатыр. Олар Украинада болған жағдайға әлі толық, жақсы жауап бере алмады әлі. Өздері бөлініп, іштері ыдырап бара жатыр. Сөйтіп, бірнеше кризис орын алып отыр. Демократиялық дағдарыс, Еуропа арасындағы дағдарыс, Қытаймен Батыс арасындағы дағдарыс, оған Таяу Шығыстағы дағдарысты қосыңыз. Сол жағынан қарайтын болсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бір тұрақты, болашағы бар ұйым болып тұр. Сол себептен осы саммит соны көрсетіп тұр. Бұл енді әскери блок емес қой, экономикалық ынтымақтастық жолымен келе жатқан, қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлетін дүниежүзілік ұйым болып тұр. Бұл ұйымның абыройы жоғары болғандықтан көп мемлекеттер бұл ұйымға мүше болғысы келеді. Бұл ұйымның саммиті Астанада өтіп жатқаны да маңызды.

Менің ойымша, біздің президенттің жалпы сыртқы саясаттағы тәржірибесінің көптігін, стратегиялық көзқарасын көрсетіп тұр. Жай ғана қатардағы шараны ұйымдастырмай, үлкен шараны ұйымдастырды, көтеріп жатқан мәселесі, шешіліп жатқан проблемалары, өткізіп жатқан деңгейі, қонақтарды күтіп алуы, соның барлығы басқа мемлекеттерге үлгі болып тұр ғой. Шын мәнінде ішкі саясатымызда мәселемен проблема аз емес, бірақ жүргізіп жатқан сыртқы саясатымыз өте жоғары », - дейді қазақстандық саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамед.  


Рекомендовать
Последние новости