Сауд Арабиясы корольдігі жасыл энергияға мән бермек

Dalanews 25 авг. 2017 12:23 881

 «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Сауд Арабиясы корольдігінің ұлттық күні өтті. Салтанатты шараға Абдалла ибн Абдул-Әзиз Әл Сауд атындағы жаңартылатын және атомдық энергия ғылыми қалашығының Президенті Доктор Хашім Ямани және Қазақстанның Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов қатысты.


Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сауд Арабиясы делегациясын ұлттық күнімен құттықтап, ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесіне қолдау танытып, белсенді қатысқандары үшін Қазақстан Үкіметі атынан алғыс білдірді.

«Сауд Арабиясы корольдігінің павильонында ұсынылған технология­лар халықаралық көрменің тақырыбын айшықтай түседі. Географиялық орналасуы мен климаттық жағдайының арқасында Сауд Арабиясының күн, су және жел энергиясын дамытуға өте қолайлы. Бұл ел қазірдің өзінде жасыл энергияға баса назар аударып отыр», – деп атап өтті вице-министр. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Сауд Арабиясы корольдігінің арасындағы қарым-қатынастар бұдан ары жиілей түсеріне сенім танытты. Корольдікпен жан-жақты және өзара мүдделі ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан сыртқы саясатының негізі болып қала береді.

Абдалла ибн Абдул-Әзиз әл Сауд атындағы жаңартылатын және атомдық энергия ғылыми қалашығының Президенті Доктор Хашім Ямани әлем елдері болашақ үшін энергияны сақтау, жаңа технологияларды пайдалану және оларды тиімді қолдану әдістерін енгізу бойынша бірлесіп жұмыс атқару қажеттігін атап өтті.

Сауд Арабиясы корольдігі электр энергия өндірісін көтеру және мұнайды қолдану деңгейін төмендету мақсатында күн мен жел энергиясы салаларында 30 жобаны қолға алыпты. Олардың жоспары бойынша, 2040 жылға қарай мемлекет электр энергия өндірісі үшін отын қазбасының қолданысынан бас тартуды көздеп отыр. Сауд Арабия павильоны елдің әлемдегі энергетикалық тепе-теңдігінің сапалы және қауіпсіз түрленуінің мүмкіндігі туралы сыр шертеді. Павильонның басты тақырыбы «Тұрақты энергия корольдігі, болашақтағы өзгеріс» деп аталады. Он­­дағы экспозициялар көрмеге келу­шілерді мемлекеттің мәде­ниеті, салт-дәстүрі және тарихымен таныстырады.  Туристер көрмеден жаңа технологиямен қатар,  елдің тарихымен де таныса алады.

 

Рекомендовать
Последние новости