Сәтпаев: "Жәкішевке бостандық бермесе билік оңбай өкінеді"

Dalanews 23 июл. 2019 11:55 895

Саясаттанушы Досым Сәтпаев биліктің Жәкішевті босатудан өзге амалы жоқ дейді.

"Мұхтар Жәкішев пен Макс Боқаевқа (жер реформасына қарсы ереуіл ұйымдастырғаны үшін 5 жылға сотталған, жазасының 3 жылын өтеді) билік әлдеқашан еркіндік беруі тиіс еді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын жанашыр жұрт биліктен бір қайыр күтіп, жазықсыз сотталған саяси тұтқындарға бостандық береді деп күтті. Amnesty International ұйымының  дерегінше біздегі саяси тұтқындардың саны 15 адамның айналасында екен. 

Алайда Назарбаевтың тұсында Қазақстанның озық дамыған 30 елдің қатарына көрінгісі келетіні айтылды да, әлгі 30 елдің бәрі демократиялық мемлекеттер екені, оларда саяси тұтқындар атымен жоқтығы қаперге алынған жоқ. 

Назарбаевтың орнын басқан Тоқаевтың әлеуметтік, саяси, экономикалық сарындағы популистік мәлімдемелеріне тойған көпшілік Президенттің сөзден іске көшуін талап етіп отыр.


Саяси тұтқындардың шідерін шешу мәселесі Назарбаев билік тізгінін тапсырған 19 наурызда-ақ белсенді түрде айтыла бастады. Алайда ол тұста билік сайлаудың жырымен мұрнынан шаншылып жүрді әрі Мұхтар Әблязовпен арадағы ақпараттық айқаста итжығыс түскеніне жыны ойнап, саяси тұтқындарға көңіл бөлуге мұршасы болмады. 

Билік халықпен диалог орнатқысы, Қазақстанның саяси өмірін жаңа парақтан бастағысы келсе алдымен абақтыда жатқан саяси тұтқындарды түгелдей босатуы тиіс. 


Дәл қазір билік үшін демократияға қарай қадам жасайтын және осы арқылы қоғам ықыласына бөленетін оңтайлы сәт. 

Мұхтар Жәкішев еркіндікке шығады деген болмашы үміт бар. Жәкішевке бостандық бермесе билік оңбай өкінеді. Бұл жаңа саяси алаң қалыптастыруға мүмкіндік алған Тоқаев пен оның уәзірлерінің ең үлкен қателігі ретінде тарихта қалады.  

Мұхтар Жәкішевтің саржамбас күйге түсіп, түрмеде төсек тартып жатқанына көп уақыт болды. Егер абақтыдан босап жатса, бірінші кезекте денсаулығын түзеуге көңіл бөлері анық. Елден кетуі де әбден мүмкін. 

Саяси қауіпсіздік тұрғысынан Жәкішевке тым құрығында ем-дом алар тұста Қазақстаннан тыс жерде болғаны жөн" – деген екен vlast.kz-пен пікір бөліскен Сәтпаев. 

 

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости