Сарқан ауданындағы «Теректі» тау шаңғы базасы әлі де кеңейе түспек

Dalanews 25 янв. 2021 04:20 1265

Сарқан ауданы тау туризмін дамытуға нақты қадамдар жасауда. Аймақта «Теректі» тау шаңғы базасы өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аудан әкімдігінің мәліметіне қарағанда, 2018 жылдан бері тау спортын сүйетін жандарға қызмет ұсынып келе жатқан база бүгінде шаңғы тебу жолын 737 метрге жеткізген. Мұнда 170 метрлік тюбинг-сырғанақтар бар. Оған қоса биылғы жылы арнайы мұз айды ашылып отыр.

Қыстың қызығынан құр қалғысы келмейтін көпшілік мұнда негізінен демалыс күндері келеді екен.

«Біздің базаға кіру тегін. Ал коньки, шаңғы, баллон сияқты спорттық құралдарды жалға алу құны арзан. Бүгінгі күні демалыс аймағында 10-нан аса шаңғы, 3 сноуборд, 20-ға жуық үрлемелі баллондар бар. Алдағы уақытта материалдық базамызды толықтырып, қонақ үй, асхана, балық аулайтын аймақ салу жоспарымызда бар», - дейді шаңғы базасының директоры Ержан Амантайұлы.


Сонымен қатар жеке кәсіпкер жаз мезгілінде суға шомылуға арналған бассейн ашпақ. Оған шаңғы базасының Теректі өзенінің жағалауында орналасуы мүмкіндік береді.



Айта кетейік, тау шаңғы базасына желтоқсан айынан бері 300-ден аса аудан тұрғыны демалып қайтқан.

Жалпы Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Алматы облысында 8 ірі инвестициялық қанатқақты жобаны іске асыру көзделген. Сол қатарда «Ой-қарағай» - «Апорт» - «Ақтас», «Ақбұлақ» тау шаңғы курорттарын кеңейту, «Түрген» тау шаңғы курорты мен «Park Canyon» туристік ойын-сауық кешенін салу жұмыстары белгіленген. Тартылатын инвестиция көлемі 300 млрд. теңгеге жуық, оның 70 % - жеке инвестиция. Бұл 5 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.


Рекомендовать
Последние новости