Сарқан ауданы Көктерек ауылы қандастарды шақырады

Dalanews 07 авг. 2017 05:23 1508

Алматы облысы Сарқан ауданы Көктерек ауылдық округі мен «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара келісім негізінде қандастарымызды ауылға қоныстанып, егін мен мал шаруашылығын өркендетуге шақырады. Кезінде мыңдаған гектар жерге көкөніс, жеміс-жидек, қауын-қарбыз, дәнді дақылдар егіп, Қазақстанға ғана емес, өнімдерін Кеңес одағының біраз бөлігіне экспорттаған, мыңғыртып мал баққан, балық шаруашылығын өркендеткен округтің құнарлы жері тусырап жатыр. Бұл туралы біздің редакцияға «Жебеу» бірлестігінің хатшысы Қару Қасенұлы хабарлады.


Орман-тоғайлы, нулы-сулы, жылдың төрт мезгілі мейірін аямаған Сарқан өңірінің ең бір шұрайлы ауылы да осы – Көктерек. Ауылдық округтің жалпы жер аумағы 42847 гектар, мұның 38079 гектары жайылымдық жер. Қалған аумағы егін егуге, балық шаруашылығы мен жеміс-жидек өсіруге жарамды. Ауылдық округ аумағын Лепсі мен Басқан өзені кесіп өтеді. Өзендердің екі жағалауы кезінде жайқалтып астық өсірген суармалы атыз еді. Қазір де Лепсінің суын бұрып, заманауи техникамен астық өсірем деген адамдар болса, жүгері, соя, күнбағыс, бидай секілді және Алматы облысы айрықша қолдау білдіріп отырған қант қызылшасы, мақсары сияқты кез келген астық түрін өсіруге қолайлы. Өзеннің екі алқабын қазір жергілікті тұрғындар жайылымға пайдаланып отыр. Кейбір шаруа қожалықтары мыңдаған гектар жер алғанымен, оларға селбесетін еңбек күші жетіспейді. Қандастарымыз ауылға баратын болса, жұмыспен қамтылып, жергілікті шаруалармен ынтымақтаса іс бастауларына мүмкіндік мол.
Ауылдық әкімшілік дәл қазір көшіп барғысы келген қандастар (оралмандар) үшін 600 гектар суармалы егін алқабын бөліп беруге әзір. Ал егер ірі шауа қожалығын құрамын деушілер болса өзен бойындағы кезінде алып атыздық болған жерлерді үлестіріп береді.

[caption id="attachment_29310" align="aligncenter" width="640"] Алматы облысы Сарқан ауданы[/caption]

Бұдан бөлек, округке қарасты жайлау, қыстау, күзеу, көктеуге ыңғайлы жерлер де өте мол. Көшіп барған оралмандардың егіндік және жайылымдық жер алып, ауылда тұрақты тұруы үшін олардың тиісті құжаттарын рәсімдеуіне, жерлерін заңдастыруына әкімшілік тарапы көмек қолын созады.
«Біздің мақсат – кезінде егін және мал шаруашылығы арқылы аты алысқа жеткен Көктеректің тыныс-тіршілігін жандандыру әрі алыстан келген қандастарымызды осы ауылды бірге көркейтуге жұмылдыру. Ағайындарымыз ауылға келсе, өздері үшін де, ауыл үшін де тиімді болар еді», – дейді ауыл әкімі Серік Смағұлов. Әкімнің айтуынша, Көктерек ауылдық округінде ішкі миграция салдарынан бос қалған қора-жайлар мен үйлер де баршылық. Оларды арзан бағаға сатып алуға болады. Егер жаңа үй саламын деушілер болса, жер телімі тегін беріледі.
Ауылдың қатынасы қолайлы. Темір жол мен тас жолға қашық емес.
Егер Көктерек ауылына барып, тұрақты тіркеуге тұрып, мал бағып, егін өсірем деген қандастарымыз болса ауыл әкіміне тікелей хабарласуына болады.
Серік Смағұловтың телефон нөмірі: 87711753065.

Қару Қасенұлы: 87019898899

Рекомендовать
Последние новости