Сарапшылар АҚШ-тағы президент сайлауының нәтижесі туралы не дейді?

Сағыныш Сардарова 07 нояб. 2024 10:48 2057

Дональд Трамптың президент сайлауында жеңіске жетуі әлем елдері үшін де маңызды оқиға. Соның бірі Украина мен Ресей арасындағы жағдайға да қатысты. Бұл тұста сарапшылар түрлі пікір айтады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Euronews-қа сілтеп.

Басылым мәліметінше, АҚШ президенті сайлауында Дональд Трамптың жеңіске жетуі Украина болашағына қатысты белгісіздікті күшейтеді. Республикалық партия өкілі президент ретінде сайланса, соғысты 24 сағат ішінде тоқтатуға уәде берген болатын.

Германияның Маршалл қорының демократияны қорғау альянсының еуропалық операцияларының жетекшісі Василис Нтусас бұл жөнінде өз пайымын айтқан.
"Трамп мырза өзінің дайындығы мен өте жылдам бейбіт келісімге келтіруге қабілетті екенін мәлімдеді, бұл Киевтің Ресейдің талаптарына мойынсұнуға мәжбүр болатынын білдіруі мүмкін".

Еуропарламент депутаттары да бұл туралы ойын білдірген. "Еуропа патриоттары" фракциясының өкілі Антонио Танжер Корреа Трамптың жеңісіне қуанышты. Ол НАТО-ны қолдайтынын растады және Украинадағы соғыстың аяқталуы жақын екеніне үміттенді.

"Ол Украинадағы соғысты тоқтатады деп үміттенемін және бұл шешім бәріне ұнайды. Біз бұған қатыспаймыз. Өздеріңіз білетіндей, біз Украинаны қолдаймыз, бірақ оған тікелей қатыспаймыз. Біз НАТО-ны сақтауды қолдаймыз. Бұл - Америка Құрама Штаттарын да, бізді де қорғауға қабілетті ұлы ұйым, өйткені Солтүстік Атлантика - әлем үшін де, біз үшін де маңызды аймақ", - деді Танжер Корреа. 

Социал-демократ депутат Элио Ди Рупо ескі континентті "энергетика, қауіпсіздік және қорғаныс сияқты салаларда өзінің өндірістік саясатын" қабылдауға шақырады.

"Бүгінгі таңда біздің қауіпсіздігіміз НАТО ішіндегі Америка Құрама Штаттарына байланысты. Біздің өз мүмкіндіктеріміз болуы керек", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Саясаттану кафедрасының меңгерушісі м.а. Жанат Момынқұлов Dalanews.kz-ке сұхбат беріп, сайлау нәтижелері туралы болжам жасады.

"Трамп әлемдік саясатта ойып тұрып орын алады. Оның үстіне қазіргідей дағдарыс, соғыс жағдайында оның іс-қимылы - бәрі өте маңызды. Бірақ Харрис қалған жағдайда Американың осы саясаты жалғаса береді. Қытайға, Ресейге, Иранға қатысты шектеу, тежеу саясаты жүреді.

Менің ойымша, Харристің жеңісіне қуанамыз. Ал Трамп келетін болса, Ресеймен қарым-қатынасындағы өзгерістер Орталық Азияға, бізге салқын әсер етеді. Бәрі айналып келгенде халықаралық жүйеге әсер етеді. Біз болжап болмайтын оқиғалар басталып кетуі мүмкін. Харрис Орталық Азияға жаңа бір көзқарас танытуы мүмкін, ол - Ақ үйдің маңындағы бюрократтардың өкілі, тұрақтылықтың "гарантиясы". Ал Трамп келсе, Украинадағы жағдай ұзаққа созылатын дауға айналуы мүмкін. Сондықтан, менің ойымша, Харристің келгені Қазақстанға тиімді. Орталық Азияға тікелей әсері болмаса да, шешімдері арқылы айналып келгенде әсері болады", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости