Сарапшы Тоқаевтың төңірегіне кімдер топтасып жатқанын айтты

Dalanews 12 июн. 2020 09:27 1005

Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік тізгінін ұстағанына жыл толды. Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Тоқаевтың бір жылына» шолу жасап, осы аралықта атқарылған жұмысқа өз бағасын беріпті.




Dalanews.kz Сәтпаевтың Holanews-те жарияланған сараптамасын ықшамдап аударған еді.

«Алғашқы кезде Тоқаевтың билігіне біржақты баға берілді», – дейді саясаттанушы. Оның пікірінше жұрт жаңа президенттің толыққанды басшы боларына күмәнданды. Биліктегі жарым-жартылай транзиттен элита да, ел де екіұдай күй кешкен.


«Осы бір жылды Тоқаев элита мен халықтың күпті көңілін сейілту үшін биліктегі позициясын нықтауға жұмсады», – дейді Сәтпаев. 

Алайда жаңа президент бұл бағытта да біраз кедергіге кездескен. Соның бірі – елдегі саяси дағдарыс.

«Саяси реформа жүргізуге уәде бермесе халық Тоқаевты қабылдамас еді. Қоғамның санасында сілкініс туды. Бұл билікке де жетті. Әсіресе жастар тарапынан саяси өзгерісті талап еткен лозунгтерге ескі де жаңа билік құлақ асты.

Халық өзгерісті қалағанмен, Ақ Орданың өз ішіндегі түрлі топтарға бұл бастама ұнаған жоқ. Олар бұрынғы статусын сақтап қалуды көздеді», – дейді Сәтпаев. 

Саяси реформа: сөз бен іс 


Сарапшы осы ретте Тоқаевтың саяси реформаларындағы кемшіліктерді тізбелеп өткен екен. Оның айтуынша өңделген Митинг туралы заң қоғам белсінділері мен құқық қорғаушылар тарапынан сынға ұшырады. Олар бұл заңнан халыққа шынайы еркіндік беретін механизмді көрмеген.

«Соның ішінде саяси партия құрудағы ең негізгі түйткіл – саяси ұйымды тіркеу қатаң бақылаумен жүргізілетін жайлы талап сол күйінде қалды. Билік тәуелсіз партияларға пәрмен бергісі жоқ.

Демек алдағы парламент сайлауы да биліктің шекпенінен шыққан саяси ұйымдар арасында өтеді. Бұл жарыста әдеттегідей  Nur Otan оза шабады», – дейді саясаттанушы.

Оның пайымдауымша «парламенттік оппозиция» ұғымын заң жүзінде бекітудың өзі біртүрлі естіледі. Себебі саяси сахна мен қоғамдық өмірде билік партиясымен сайысқа түсер шынайы оппозициялық ұйым жоқ.


«Демек билік оппозицияны қолдан құрайды деген сөз. Бұл бір жағынан Тоқаевқа тиімді. Айдауына жүріп, айтқанына көнетін «оппозициялық партияны» парламентке өткізгеннен кейін  Nur Otan-ның шексіз билігін тежеп отыруға мүмкіндік алады.

Әз әзір парламент Тоқаевтың ықпалында емес. Әлі де Назарбаевтың бақылауында. Бұл ертеңгі күні екінші президентке бірқатар қиындық туғызуы мүмкін», – дейді Сәтпаев.

Оның болжамынша болашақта Nur Otan «тақтан тайып» қазіргі қолдан жасалған «парламенттік оппозиция» оны саяси сахнадан ысыруы мүмкін. Сәтпаев осы арада көрші Өзбекстанды тілге тиек етіп, күні бүгінге дейін парламентті «билеп төстеген» Кәрімовтің Халық-демократиялық партиясын мысалға келтірді.

Билікке жаңа басшы келгесін бұл ұйым шетке шығып, оның орнын Либералды-демократиялық партия басты.  


«Осы бір жылда саяси реформа туралы аз айтылған жоқ, көпшілігі көзалдау болып шықты. Бізде демократия қағидалары жұмыс істемейді. Кімнің билікке өтіп, кімнің шетке шығарын жүйе анықтайды», – дейді сарапшы.  

Халық сөзіне құлақ асты ма? 


Сәтпаевтың пікірінше Тоқаевтың «халық сөзіне құлақ асар мемлекет» қағидасы толыққанды болмаса да, біршама жүзеге асуда. Билік қоғамның бір талабына құлақ асып, енді бірін жарым-жартылай ғана орындауда, кейбір талап-шартты іс жүзінде жүзеге асыруда.

«Биліктің саяси реформаға қатысты уәдесі толық орындалмаса да, басқа тарапта заңнамалық өзгерістер өз нәтижесін берді. Оның ішінде зорлық-зомбылық, педофилизм және браконьерлерге қатысты қылмыстық жаза қатаңдатылды. Бұл қоғамның көптен бері жоғарыға жеткізе алмай келген жанайқайы еді.

Халық сөзіне құлақ асатынын көрсеткен Тоқаев осы арқылы өзінің ел алдындағы беделін көтерді. Имиджін күшейтті», – дейді Сәтпаев.

Оның атап өткеніндей Жәкішевтың азаттыққа шығуы Тоқаевтың билігімен тұспа-тұс келді. Алайда оппозициялық белсенді Дулат Ағаділдің тергеу абақтысындағы өлімі биліктің бұл «жақсылығын» жуып-шайып кетті.


«Жәкішевтың бостандыққа шығуы жәйдан-жәй орын алған жоқ. Дулат Ағаділдің өлімінен кейін ашуға мінген халықтың көңілін аулау үшін жасалғандай.

Осы көктемде тағы бір белсенді Әлнұр Ильяшевті Nur Otan-ды сынаған үшін қамауға алды.

Мұның бәрін ескере келе күні кеше президент әкімшілігі басшының экс-орынбасары Бағлан Майлыбаевтың мерзімінен бұрын азаттыққа шығуы күмәнді көрінеді. Мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталған Майлыбаев 5 жылға сотталған. Алайда еркіндікке ерте шықты.

Сонда біздің елде сатқындық жасаған адамға рақымшылық жасалып, билікті сынаған Макс Боқаев секілді белсенділер жазасын толық өтеуге тиіс пе?», – дейді саясаттанушы.

Айта кетелік Боқаев та бес жылға сотталған, ол әлі де абақтыда отыр.

Сәтпаевтың пікірінше билік жаңсақ басқан, әйтсе де өз ішінен шыққан әріптестеріне кешіріммен қарайды, кеңшілік жасайды.


«Экс-премьер Серік Ахметовтың ісі соған дәлел. Ахметов 2015 жылы коррупция үшін 10 жылға сотталған. Кейін бұл мерзім 8 жылға қысқарды. 2017 жылы амнистияланды. Отырды ма, отырмады ма белгісіз. Демек бір кездері өзінің сапында жүрген азаматтарды жүйе қатты діңкелетпейді, жазасын жұмсартып, мерзімінен бұрын босатып жібереді.

Елдегі жағдайы өзгерткісі келіп, жоғарыға қатқыл сөз айтқан азаматтардың абақтыдан босауы қиынның-қиыны», – дейді ол.

Құзіреттің "құдіреті"


Оның пайымдауынша төтенше жағдай тұсында өзінің құзіретін кеңейткен Тоқаев осы арқылы емін-еркін саяси жүріс жасайтын мүмкіндік алды. Осының негізінде дағдарысқа қарсы жоба әзірленді, ол өз кезегінде қарапайым халық пен шағын бизнеске бағытталып жатқандай көрсетілді. Құзіреті ұзарғаннан кейін Тоқаев кадрлық мәселелерге араласа бастаған.

«Соның нәтижесінде Дариға Назарбаев сенаттан кетті. Алайда Тұңғыш президенттің қызын орнынан тайдырған жалғыз Тоқаев емес, бұған биліктің маңайындағы түрлі топтар мүдделі болды. Олар Дариғаның саяси амбициясынан сескенді, осы арқылы президенттік тәбетін тежеді.

Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы айқас Тұңғыш президентке де тиімсіз болды. Назарбаев мұнай бағасы құлдырағаннан кейін елдегі ахуалдың ауырлап кеткенін сезіп отыр. Элита арасындағы кез-келген кикілжің елдегі жағдайды одан сайын күрделендіріп жіберер еді. 

Назарбаеваның саяси сахнадан шеттеуі Тоқаев билігін одан әрі күшейте түсті. Халық та, саяси элита да Назарбаев дәуірінің ақыры тақау қалғанын түсінді. Элитаға таңдау жасау қажет болды», – дейді Сәтпаев.

Оның пайымдауынша дәл қазір Тоқаевтың төңірегіне тұңғыш президенттің әулетінен шыққан әлдекімнің билікке келуін қаламайтын элита мен мемаппараттың өкілдері топтасуда.


Бұл қатарға 70-ші жылдары өмірге келген биліктің жаңа буынын қосуға болады. Бұл буын кадрлық ауыс-түйіс нәтижесінде биліктегі маңызды орындарға отырудан дәмелі. Олар әзірдің өзінде Президент әкімшілігі, үкімет және парламентке өтуде.

Әйткенмен Сәтпаевтың айтуынша қарапайым халыққа саяси сахнадағы ауыс-түйік аса қызықты емес. Халықты Тоқаевтың елді әзіргі күйзелістен қалай алып шығары көбірек толғандырады.

Жер-жерді жұмыссыздық жайлап, жағдай ушыға түссе мұның соңы әлеуметтік толқуға алып келуі мүмкін. 

«Карантиннен кейінгі ахуал ауырлай түссе билік үшін нағыз сынақ сол болды. Тоқаевтың бастамасымен әзірленген дағдарысқа қарсы жоба көздеген мақсатына жетті деуге әлі ерте.

Халыққа бөлінген ақшаны қатаң қадағалау жағы ақсап түр. Мемлекеттің ақшасы елге жетпей талан-таранжа түспеуін бірінші кезекте ойлау керек. Тоқаев осы кеселден құтылмаса, ол қабылданған бағдарлама көпке жетпей сынға ұшырайды», – дейді Сәтпаев.

Әзірлеген, Аль ФРЕДО




Рекомендовать
Последние новости