"Саран" шахтасында үш кенші мертігіп, арнайы комисия құрылды

Кәмшат Тілеухан 19 окт. 2024 13:23 5369

"Саран" шахтасында 14 қазанда апат болып, үш адам зардап шекті. Оның бірі ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған төтенше жағдайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 18 қазанда растап, арнайы комиссия құрылғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
ЕХӘҚМ баспасөз қызметі үш адам зардап шеккен апаттың себебін тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды ​​облысы бойынша департаментінде комиссия құрылып жатқанын нақтылады.
"2024 жылдың 14 қазанында сағат 23:00-де Qarmet АҚ Көмір департаментіне қарасты "Саран" шахтасында апат болды. 41К-7В ұзын қабырғасының төменгі түйіспесінде жұмыс істеу кезінде металл бекіткіш профилін жылжытқан кезде үстіңгі бөліктерден тау жыныстарының бір бөлігі опырылып түсіп, жұмысшылар жарақат алды", делінген құзырлы ведомство хабарламасында.

Зардап шеккендер - тау-кен тазарту жұмысшысы Д.Сембеков (1988 ж.т.), кен шебері А. Григорьевич (1989 ж.т.) және тау-кен механизаторы А.Рудия (1983 ж.т.).

"Апат салдарынан компания қызметкерлері түрлі дене жарақаттарын алған. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, зардап шеккендер Х.Ж. Мақажанов атындағы облыстық травматология және ортопедия атындағы облыстық орталыққа жеткізілді. Дәрігерлер тексеруінен кейін Д.Сембеков пен А.Григорьевич еңбекке жарамсыздық парағын ашпай үйлеріне босатылған. А.Рудий қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жазатайым оқиғаны тексеру үшін Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды ​​облысы бойынша департаменті комиссия құруда. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады", делінген ресми хабарламада.
 
Полиция "Тау-кен және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерінің бұзылу" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Рекомендовать
Последние новости