"Самұрық-Қазына" топ-менеджерлері не үшін бизнес-класспен ұшады?

Көркем Алдабергенова 12 июн. 2025 15:34

"Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор қызметкерлерінің бизнес-класс ұшақтармен ұшуына қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, бұл – корпоративтік стандартқа сай бекітілген ереже, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жақыпов брифинг барысында өзі жеке бизнес-джеттерді пайдаланбайтынын атап өтті.

"Мен әдетте Air Astana-мен ұшамын. Бұл – біздің портфельдік компаниямыз. Іссапарлар кезінде делегация құрамында боламын. Air Astana – ашық компания, сондықтан Airbus ұшағын бірден алып, қалаған бағытқа ұшыру мүмкін емес. Мұнда ашықтық пен есептілік жоғары деңгейде", – деді ол.

Қор басшысы ретінде ол бизнес-класс қызметін пайдаланатынын растады.

"Мен бизнес-класс ұшу стандартын ұстанамын. Бұл – бізде корпоративтік ереже ретінде бекітілген. Өздеріңіз білетіндей, "Самұрық-Қазынаның" соңғы есептік кезеңдегі табысы 2 триллион 400 миллиард теңгені құрады. Сондықтан біз белгіленген бюджет шегінен шықпаймыз деп ойлаймын", – деді Нұрлан Жақыпов.


Рекомендовать
Последние новости