"Қит етсе, банктік шотты бұғаттайды". Депутат ел азаматтарының шағымын Үкіметке жеткізді

Кәмшат Тілеухан 12 июн. 2025 11:23

Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында ел азаматтарынан банктік шоттардың бұғатталуына қатысты келіп түсетін шағымдардың көп екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылатынын айтқан депутат, сонымен қатар аталған жайт азаматтардың қаржылық құқықтарының бұзылуының да айқын дәлелі екенін баса атап өтті.

"Қазіргі таңда тұрғындардың салық, айыппұл немесе коммуналдық төлемдер және тағы басқа берешегі болған жағдайда, сот орындаушысы қарыздың нақты мөлшері мен бұғаттау сомасының айырмашылығына қарамастан, банктік шотты тұтастай бұғаттайды. Мысалы, азаматтың шотында – 300 000 теңге бар, қарыз – бар болғаны 50 000 теңге. Нәтижесінде – толығымен 300 000 теңге бұғатталады. Бұндай шамадан тыс әрекеттер, азаматтың күнделікті қажеттіліктерін өтеу мүмкіндігінен айырады, атап айтқанда, тамақ, дәрі-дәрмек сатып алу және т.б. күнделікті тіршілікке қажетті заттарынан", - дейді ол.

Оның айтуынша, сот орындаушылары жиі жүгінетін банктік есеп шоттарды толығымен бұғаттау тәсілі "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңында,қарастырылған.

"Мұндай тәсіл сот орындаушыларының өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіріп, оларды шарасыз күйге түсіреді. Тіпті, қарыз сомасы жабылған жағдайдың өзінде, мән-жәйді анықтап, банктік шотты бұғаттан босату үшін сот орындаушысына 2-3 күн уақыт кетіп қалуы мүмкін. Ал, шотты бұғаттау сәті демалыс, мереке күндеріне немесе азамат шетелде жүрген кезіне түсетін болса, бұл мәселені одан әрі қиындата түседі. Оның үстіне, істің санатына байланысты өндіріп алу сомасының 25 пайызға дейін жететін сот орындаушысының төлемақысы тағы бар", - дейді Ерубаев.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге назар аударып, азаматтардың шоттарын толық бұғаттау тәжірибесін тоқтатуды тапсырған болатын. Алайда тапсырма берілгелі бір жылға жақын уақыт өтсе де, бұл салада нақты (оң) өзгерістер байқалмай тұр.

"Халықтың әлеуметтік әл-ауқатын ойлайтын мемлекет өз азаматтарын жазықсыз шектемей, әділеттілік пен құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тиіс деп есептейміз" деген депутат осыған байланысты, бұл ретте мынандай талаптарды алға тартатындарын жеткізді:

  • Қарыз мөлшеріне сәйкес, шоттағы қаржыны ішінара бұғаттау тәртібін заңнамама жүзінде бекіту;
  • Шоттарды бұғаттау туралы қаулыда нақты соманы көрсетуді мемлекеттік органдар мен соттар үшін міндеттеу;
  • Азаматтардың банктік шоттарына шектеулер енгізілмей тұрып, қарызды өз еркімен өтеу мерзімін белгілеп, бұғаттау жөнінде алдын-ала хабарлауды міндетті түрде қамтамасыз ету.

Бұған дейін Мәжілісте депутаттар екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысуға мүмкіндік беруді сұрағанын жазғанбыз.


Рекомендовать
Последние новости