Семейде әскери қызметші өртенген үйден әйелді құтқарып қалды

Ақтоты Жапатова 11 июн. 2025 18:23

Семей қаласында орналасқан әскери бөлімнің коменданттық взводының электригі, қатардағы жауынгер Қызыр Мұхаметжанов өртеніп жатқан үйден әйел адамды құтқарып шықты. Оқыс оқиға 10 маусым күні кешкі уақытта орын алған,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қызыр Мұхаметжанов әскери бөлімнен шыққан соң дүкенге бет алған. Қаланың тар көшелерінің бірінен өрт сөндіруге тырысып жатқан адамдар тобын байқайды.

Жанып жатқан ғимараттың терезелерінен жанұшыра шыққан айқайды естіген әскери қызметші еш ойланбастан көмекке жетті. Қоршауды айналып өткен ол терезе әйнегін сындырып, жанып жатқан бөлмеге кірді.

Бұл кезде қалың түтіннің салдарынан үй ішінде ештеңе көрінбейтін. Сол себепті Қызыр Мұхаметжановқа айқайлаған дауысқа құлақ түруге тура келді. Соның арқасында ол үй ішінен әйел адамды тез тауып, сыртқа көтеріп алып шықты.

Жедел жәрдем қызметі зардап шеккен әйелді дереу ауруханаға жеткізді. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты.

Қатардағы жауынгер Қызыр Мұхаметжанов — екі баланың әкесі. Ол он жылдан астам уақыт бойы Қарулы күштер қатарында келісімшарт бойынша қызмет етіп келеді. Алайда жасаған ерлігін ол батырлық деп есептемейді.

«Мен үшін бұл – әдеттегі әрекет. Қиын сәтте көмекке ұмтылу – әр азаматтың парызы. Әскерде үйренген әдетпен жедел әрі батыл шешім қабылдауға дағдыланғанмын», – дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости