Самал Еслямованың журналист болмағаны дұрыс болыпты

Dalanews 22 мая 2018 05:19 968

Әлем киномотографиясын дүр сілкіндірген қазақ қызы –  туралы әкесі айтып берді. Әлем киномотографиясын дүр сілкіндірген қазақ қызы – Самал Есләмова кезінде журналист болғысы келген екен, – деп хабарлайды КТК арнасы.



Алайда бір балы ғана жетпей, жолы болмаған ол Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры жанынан ашылған актерлік шеберлік курстарына амалдың жоғынан бара салған.

Енді міне, оның сомдаған басты рөліне Канн фестивалінде  әлемдік  кино майталмандарының өздері аяқтарынан тік тұрып қол шапалақтады.

Шымкенттің тумасы, режиссер Сергей Дворцевой мен Самал Есләмованың бұл Канндағы екінші жеңісі.

Осыдан он жыл бұрын Самал басты рөлді ойнаған «Тюльпан» фильмі де бір  аталым бойынша жеңімпаз атанған еді. Араға он жыл салып мұндай құрметке оның «Айка» атты туындысы да лайық деп танылды.

Самал онда Мәскеуге келген гасторбайтер қырғыз қызын сомдайды. Жат елде баласын босанған кейіпкердің тағдыры қазылар алқасын бейжай қалдырмады.

Бірден «Ең үздік әйел рөлі» аталымы бойынша бас жүлдені берді. 34 жастағы Самал Есләмова Солтүстік Қазақстандағы Аралағаш ауылында туып өскен. Мектеп бітірген соң әкесі оны қалаға журналистика факультетіне түсіруге әкеліпті.

Жолы болмай, жергілікті театрға бас сұққан. Кейін Самал Мәскеудегі  ГИТИС-ты тәмамдап, режиссер Сергей Дворцевоймен жұмыс істей бастайды. Оның ата- анасы Петропавл қаласына бір бөлмелі пәтерге ауылдан жуырда көшіп келген. Бақыттан басы айналған Ілияс пен Гүлмайраны көрші-қолаңмен бірге облыс атқамінерлері де құттықтады.

– Ел-жұртымыз қуанып жатқанда, бүкіл халқымызға ризамын. Біздің ғана қызымыз  емес, осы облыстың ауданның, Аралағаштың қызы. Сондықтан біз қуаныштымыз. Бүкіл жұртқа ризамыз, – дейді Самал Есләмованың әкесі Ілияс Есләмов.

 

Автор: Гүлмира ТАСБОЛАТҚЫЗЫ

Рекомендовать
Последние новости