Перизат Қайраттың ісі бойынша сот отырысында прокурор Мәдина Оразалина қоғамда резонанс тудырған істе өз айыптау сөзін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның мәлімдеуінше, бұл қылмыстық іс – жай ғана алаяқтық емес, «аманатқа қиянат жасап, адалдық пен қайырымдылық ұғымдарын аяққа таптағанның көрінісі».
«Бүгін біз белгілі қоғам белсендісі Қайрат Перизат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот ісінің соңына келдік. Бүгінгі отырысқа дайындала отырып, сөзімді «Ізгіліктің бетпердесі» деп атағым келді. Сөзімді ең алдымен, кең пейілді әрі ары таза қазақ халқына алғыс айтудан бастағым келеді», – деді прокурор.
Оразалинаның айтуынша, Перизат Қайрат қайырымдылықты бетперде етіп, елдің сеніміне кіріп, жеке бас пайдасына кенелген.
«Енді өз пайдасы үшін «қайырымдылық» сөзін жамылғы еткісі келген кез келген адам білуі тиіс: халық енді үнсіз отырмайды, мемлекет көз жұмып қарамайды, ал елдің сенімі шексіз емес», – деді прокурор.
Сөз соңында прокурор өткір тұжырым жасады.
«Садақа – мансаптың құралы емес. Халықтың сенімі – ақша салынған әмиян да, сәнді бренд те емес. Ол – аманат. Ал аманатқа қиянат жасағандар ерте ме, кеш пе, әшкереленіп, әділдік алдында жауап береді», - дейді прокурор.