«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Риддер қаласында 600 орындық №12 жалпы білім беретін жаңа мектеп ашылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
«Ұлттық жоба – бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес, бұл – балалардың сапалы білім алып, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуына арналған білім беру кеңістігін қалыптастыру», – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Ол мектеп оқушыларына тиімді оқу процесі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
Бұл мектеп апатты жағдайдағы бұрынғы №12 (1935 жылы салынған) және №9 (1938 жылы салынған) мектептердің орнына салынған. Қазіргі уақытта жаңа мектепте 530 оқушы білім алуда. Жаңа мектептің жалпы ауданы стандартты нормадан 20% артық, бұл оқу кабинеттері мен қосымша бағыттағы сыныптарды тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктарда оқу кабинеттері, санитарлық тораптар және спорт залдары қарастырылған.
Жалпы мектепте 26 оқу кабинеті бар. Олардың қатарында робототехника, инклюзия, визуалды жобалау және графика кабинеттері, шеберханалар, STEM зертханасы, ойын бөлмесі бар. Сонымен қатар, ресурстық орталық, акт залы, электронды кітапхана, медпункт, хореография залы, екі спорт залы мен асхана жұмыс істейді.
Мектеп кеңістігі жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген: бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған жеке коворкинг аймақтарымен қамтамасыз етілген. Бұл оқушылар мен педагогтер үшін жайлы орта қалыптастырады.
Инклюзивті білім беру үшін инклюзия кабинеттері, сенсорлық бөлмелер, логопед, психолог және әлеуметтік педагог қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағдай жасалған. Мысалы, ДЦП диагнозы бар оқушы Тимофей К. мектеп ішін еркін аралай алады – бұл орнатылған лифттің арқасында мүмкін болып отыр.
Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында ауызсу фонтандары мен өзгермелі парталар орнатылған. Әр қабатта оқушыларға арналған демалыс аймақтары бар. Қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау және дабыл түймелері орнатылған.
Мектеп аумағында әмбебап спорт алаңдары, жас ерекшелігіне қарай бөлінген ойын аймақтары, жарыс өткізуге арналған стадион мен футбол алаңы бар.